Банк пен қаржы

Негізгі капиталға салынған инвестицияда мемлекеттің үлесі артып барады

инвестиция
Негізгі капиталға салынған инвестицияда мемлекеттің үлесі артты/ Коллаж: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында негізгі капиталға салынған инвестиция айтарлықтай бәсеңдеп, экономиканың басым салаларында теріс динамика байқалды. Инвестиция көздері тұрғысынан алғанда, мемлекеттік бюджеттің үлесі артып, жеке меншік қаражаттың үлесі төмендеп барады.

Halyk Finance сарапшысы Салтанат Игенбекованың айтуынша, бұл құбылыс экономикадағы теңгерімсіздіктердің күшеюі, жеке инвестициялардың мемлекеттік қаржы есебінен ығыстырылуы және бюджет жүктемесінің артуына алып келуі мүмкін. Нәтижесінде, инвестициялық белсенділіктің әлсіреуі экономиканың өсу қарқыны мен сапасына кері әсерін тигізуі ықтимал.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы екі айында негізгі капиталға инвестиция өсімі 0,5%-ға жетіп, өткен айдағы 0,2%-дан аздап жоғарылаған. Алайда бұл көрсеткіш жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсу қарқынынан әлдеқайда төмен және 2024 жылдың сәйкес кезеңіндегі 7,9%-дық өсіммен салыстырғанда айтарлықтай әлсіз. Инвестициялардың күрт төмендеуіне, ең алдымен, тау-кен өндірісіндегі инвестиция көлемінің 26,6%-ға құлдырауы әсер етті.

Инвестиция қай салаларда төмендеді

Салаларға жекелей тоқталса, құрылыс (-52,6%), ауыл шаруашылығы(-49,4%), көлік саласы (-9,0%) және өңдеу өнеркәсібіне (-4,0%) салынған ивестиция төмендеген. Дегенмен сауда (+7,5%), ақпараттық технологиялар (+19,2%) және жылжымайтын мүлік (+4%) салаларында инвестиция көлемі артты.

Тау-кен өндірісіндегі инвестицияның құлдырауына негізінен, мұнай-газ өндіру секторындағы инвестицияның 39,3%-ға қысқаруы себеп. Бұл сектор жалпы инвестиция көлемінің 22,4%-ын құрайды, сондықтан оның төмендеуі жалпы экономикаға айтарлықтай ықпал етеді.

Өңдеу өнеркәсібінде дайын металл өнімдерін өндіру (-67,0%), металлургия (-26,3%) және басқа да металл емес минералды өнімдер өндірісі (-61,3%) секілді салаларда күрт құлдырау тіркелді. Есесіне, автокөлік және басқа да көлік құралдарын өндіру секторында инвестиция сәйкесінше 94,3% және 82,1%-ға артты.

Есесіне бюджеттен құйылған қаржы көлемі артты

2025 жылдың алғашқы екі айында мемлекеттік бюджеттен құйылған инвестиция айтарлықтай артып, оның үлесі 21%-ға жетті (2024 жылдың сәйкес кезеңінде 7% болған). Ал кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен бөлінген инвестиция көлемі айтарлықтай азайды.

«Айта кетерлігі, бұл көрсеткішке мемлекеттік компаниялардың қаражаты да кіреді, ал олар көбіне квазибюджеттік сипатқа ие. Сондықтан жеке сектордың инвестициялық белсенділігінің әлсіреуі ұзақ мерзімді экономикалық өсімге кері әсер етуі мүмкін», – деп жазады сарапшы.

Инвестициялық саясатты қайта қарау

Жалпы инвестициялардың ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 15% шамасында қалып отыр, ал үкімет 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 23%-ға жеткізуді мақсат етіп қойған. Алайда инвестициялық белсенділіктің бәсеңдеуі бұл межеге жетуді қиындатады. Сондықтан Halyk Finance сарапшысы экономиканың шикізаттық бағытын өзгертіп, инновациялық және технологиялық дамыған салаларға басымдық беретін жаңа стратегия қажет деп тұжырымдайды.

Бұл үшін:

  • Салық-бюджет саясатын қайта қарап, мемлекеттік кірістерді мұнай бағасына тәуелділіктен арылту;
  • Нарықтық ортаны дамытуға жағдай жасап, жеке кәсіпкерлікті қолдау;
  • Жоғары технологиялық секторларға инвестиция тарту бағытында нақты шаралар қабылдау маңызды.

Егер осы мәселелер шешілмесе, алдағы уақытта мемлекеттің қаржы тұрақтылығы мен экономикалық даму қарқынына қауіп төнуі мүмкін.

Әлемдік нарықта мұнай мен газ, металдар және басқа да табиғи ресурстардың әлемдік бағалары тұрақсыздық танытып отыр. Бағаның құбылуы инвесторларды шикізат секторына қаржы салуда сақтыққа итермелейді. Бұл үрдіс дәстүрлі шикізат өнімдеріне сұраныстың біртіндеп төмендеуіне алып келіп, Қазақстанның шикізат секторына салыған инвестицияның азаюына себепші болып отыр.