Банк пен қаржы

Банк жүйесінің таза сыртқы активтері бір айда 470 млрд теңгеге қысқарды

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Банк жүйесінің таза сыртқы активтері бір айда 470 млрд теңгеге азайып, 53,33 трлн теңгені құрады. Банк жүйесінің таза сыртқы активтеріне шетел валютасындағы міндеттемелер мен талаптар, сондай-ақ Ұлттық қордың валюталық активтері кіреді.

Ұлттық банк статистикасына сәйкес, банк жүйесі таза сыртқы активтерінің азаюына негізінен «басқа таза сыртқы активтердің» қысқаруы себеп. Ұлттық қор активтері де 30,3 трлн теңгеден 29,4 трлн теңгеге дейін қысқарған. Бұл 3 пайызға тең.

Сонынмен қатар Ұлттық қор қаражаты бір айда 34 трлн теңгеден 33 трлн теңгеге дейін азайды. Дегенмен, былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда қордағы қаражат 11,3%-ға ұлғайған.

Теңгедегі таза ішкі активтер де азайды. Үкімет, қаржы ұйымдары және экономикаға қатысты талаптар, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражаты мен басқа да ішкі активтер есепке алынатын бұл көрсеткіш 14,45%-ға төмендеп, –8,65 трлн теңгені құрады.

Үкімет 2030 жылға қарай Ұлттық қордың валюталық активтерін $100 млрд-қа дейін жеткізуді жоспарлап отырғаны белгілі.

2023 жылы Ұлттық қор 29,8 трлн теңгеден 33 трлн теңгеге дейін жеткен. Алайда 2025 жылы бюджетке 2 трлн теңге көлемінде кепілдендірілген трансферт және 3,25 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт бөлінбек. Ал 2026 жылдан бастап үкімет нысаналы трансферттерден бас тартуды жоспарлап отыр.