Банк пен қаржы

Гонконг пен Қытайды басып озды: Қазақстанның зейнетақы жүйесі әлемдік рейтингте 26-орынға көтерілген

зейнетақы
Зейнетақы жүйесі әлемдік рейтингте 26-орынға көтерілген / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Allianz зейнетақы индексіне сәйкес, Қазақстан 71 елдің ішінде 26-орынға жайғасты. Былтыр еліміз 36-орында болған еді. Бұл рейтинг бойынша Қазақстан Аустрия, Испания, Чили, Сингапур, Гонконг және Қытайдан озып, 3,5 балл жинады.

Allianz зейнетақы индексі үш негізгі суб-индекстен тұрады. Қазақстан демографиялық өзгерістер мен мемлекеттік қарыз деңгейі тұрғысынан 4,1 балл (2023 жылы – 3,5 балл) жинады. Зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын бағалайтын екінші суб-индекс бойынша 3,6 балға ие болды. Ал зейнетақының жеткіліктілігі тұрғысынан 3,2 балл (2023 жылы – 3,3 балл) көрсеткішін көрсетті.

Жалпы, әлемдік рейтингте үздік үштікке Дания (2,3 балл), Нидерланды (2,6 балл) және Швеция (2,6 балл) кірді. Ал зейнетақы жүйесі әлсіз деп танылған елдер қатарына Марокко, Үндістан және Лаос енген (4,5-тен 5 баллға дейін).

БҰҰ-ның болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай 65 жастан асқан адамдар саны екі есе өсіп, 1,58 миллиардқа жетеді. Демографиялық жүктеме коэффициенті артып, әлемнің қартаю қарқыны өсіп барады.

Allianz сарапшылары зейнетақы жүйесін нығайту үшін жинақтаушы құрамдауышты дамыту қажеттігін атап өтті. Мемлекет зейнетақы жүйесінің тұрақтылығымен қатар, оның қарттық шақта лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету қабілетіне де назар аударуы тиіс.

2025 жылдың қаңтар айында зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі азайды. Бұл жағдай инвестициялық кірістің төмендеуі және бюджет қаражаты есебінен төлемдердің жүргізілуімен байланысты.