“Өсімпұл есептеледі”. Салық органы көлік жүргізушілеріне ескерту жасады

Алматы қаласының кірістер департаменті 2024 жылға жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталатынын еске салып, салық уақытылы төленбесе, әр кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептелетінін ескертті.
Салық мөлшерін қайдан білем
Департамент төлеуге қажетті салық сомасын азаматтар өз бетінше есептеуі қажеттігін атап өтті. Бұл үшін e-Salyq Azamat мобильді қосымшасындағы немесе Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы калькуляторды пайдалануға болады.
Ал 15 наурыздан кейін жүргізушілер алдын ала есептелген салық сомасын екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы PUSH-хабарламалар ретінде ала бастады. Салықты сол қосымшалардың көмегімен немесе «Қазпошта» АҚ арқылы төлеуге болады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша қалада 456 мың тұлға 764 мың көлік құралына иелік етеді. 2023 жылмен салыстырғанда олардың саны 7%-ға өскен, ал сәйкес салық сомасы 19,6 млрд теңгеден 21,9 млрд теңгеге дейін артқан.
Салық төленбесе не болады
Егер салық уақытылы төленбесе, салық органдары мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады. Атап айтқанда, салықтық берешек туралы хабарлама жібереді, берешекті өндіріп алу туралы салықтық бұйрық шығарады және оларды жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындау үшін жібереді.
«Өз кезегінде, сот орындаушылары борышкерлерге қатысты шаралар қолданады, соның ішінде мүлікке және банк шоттарына тыйым салу, сондай-ақ елден шығуға шектеу қою. Сондай-ақ, борышкерлер банк қызметтерін пайдалана алмайды, банк шоттарын аша алмайды, ақша аударымдарын жасай алмайды, несие рәсімдей алмайды және т.б.» делінген хабарламада.
Департамент көлік салығы бойынша сұрақтар туындаған жағдайда тұрғылықты жер бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына жүгіну қажеттігін еске салды.
Бұған дейін, «Қазақстан автокөлік одағы» 2025 жылғы ақпан айында қанша көлік сатылғанын жариялаған.