
Алматы қаласында 21-25 наурыз күндері таңнан кешке дейін Наурыз мейрамына арналған 100-ден астам мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы Наурыз мейрамын кең көлемде тойлауға дайын! Қала тұрғындары мен қонақтарын шаһардың басты алаңдарында 100-ден астам іс-шара күтіп тұр. Дәстүр заманауи технологиямен үйлесіп, ерекше мерекелік атмосфера жасайды», – деп хабарлайды әкімдік.
Бұл күні қандай шаралар өтеді?
Басты концерт – 21 наурыз күні Астана алаңында өтеді. Бұл концерт күндізгі сағат 11:00-де басталады. Шараға «Дос-Мұқасан», Майра Мұхамедқызы, Жанар Айжанова, «КешYou» және т.б. өнер иелері қатысады.
21–22 наурыз күндері екі күн қатарынан кешкі сағат 18:00-де танымал әншілердің қатысуымен Almaty Juldyzdary концерті ұйымдастырылады.
21–22 наурыз күндері NauryzFest Абай алаңында сағат 10:00–16:00 арасында тарихи киіз үйлер, концерттер, ұлттық ойындар, қолөнер шеберлерінің шеберлік дәрістері өткізіледі.
Арбатта өтетін шаралар
Концерттік бағдарламалардан бөлек Панфилов көшесінде, Арбатта роботтардың қатысуымен түрлі шоу ұйымдастырылады. Кинетикалық туннель және виртуалды аватарлар қатысуымен Панфилов көшесі заманауи технология мен мәдениетті тоғыстырған интерактивті кеңістікке айналады. Бұл заманауи шоу екі күнге созылады.
18 наурыз күні 14:30-да Арбаттағы Nauryz Fashion Day этно-топтамалардың көрсетілімі ұйымдастырылады. Бір қызығы, бұл көрсетілімге ұлттық киім киген әрбір адам қатыса алады.
21-25 наурыз аралығында Арбатта кітап жәрмеңкесі өткізіледі. Бұл шаралар кезінде
жазушылармен кездесулер ұйымдастырылып, ақындардың қатысуымен түрлі шаралар, ұлттық ойындар бойынша турнирлер ұйымдастырылады.
22 наурызда 9.30-да Абай әндерін 5000 адам хормен орындайды. Олар ұлы ақынның
«Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» және «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін шырқайды.
«Түркі әлемінің мега жұлдыздары»
22 наурыз күні «Түркі әлемінің мега жұлдыздары» атты үлкен конуерт өтеді. Алматы Arena-да кешкі сағат 20:00-де басталатын концертке Mustafa Sandal, Roza Zergerli, Burak Özçivit, Алексей Чумаков, Sadraddin, Tynda Music оркестрі өнер көрсетеді.
20–25 наурыз күндері метро станцияларында көрмелер ұйымдастырылады. Бұл күндегі метре бекеттерінде Алматы музейлерінің көрмелерінің мұралары қойыладыСонымен бірге концерттер өтеді.