Қазақстанда адам саудасына қатысты 40 қылмыс анықталды

Қазақстанда адам саудасына қатысты 40 қылмыс ашылды. Бұл бір айда ғана, ауқымды «STOP-трафик» операциясы аясында анықталған.
Polisia.kz ақпаратына қарағанда, рейд үш күнге созылған. Оның барысында полиция қызметкерлері адам саудасына, жезөкшелікпен айналысуға адамдарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды тарту, притон ұйымдастыру және жеңгетайлыққа байланысты қылмыстар ашылған.
Заңсыз жұмыс істеген
Сондай-ақ, 156 әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, олар жезөкшелікпен айналысу үшін үй-жайлар ұсыну деректеріне қатысты болды. Қоғамдық орындарда азаматтарды мазалау бойынша 640 құқықбұзушылық тіркелді.
Бұған қоса, түрлі зауыттар, базарлар мен құрылыс алаңдарында рейдтік іс-шаралар өтті. Мысалы, Жамбыл облысында зауыт аумағында заңсыз жұмыс істеген шетел азаматтары анықталып, полицияға жеткізілді. Олар еңбек заңнамасын бұзып жұмыс істеген, яғни еңбек шарттары, C-3 санатындағы визалар мен Қазақстанға келгені туралы тіркеу құжаттары болмаған.
Жас қыздарды жөзекшелікке мәжбүрлегендер
Шымкент қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 18-23 жас аралығындағы қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген төрт адамнан тұратын топты ұстады. Күдіктілер жәбірленушілерді интимдік фотоларымен бопсалап, жалдамалы пәтерлерде жұмыс істеуге мәжбүрлеген.
Алматыда полиция қызметкерлері «боди-массаж» салондарын ұйымдастырып, басқарып келген жеті адамды ұстады. Қазіргі уақытта жеңгетайлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
60 жасында порнография түсірген
Түркістан облысында прокуратураның үйлестіруімен Қызылорда облысының екі тұрғыны ұсталды. Олар Telegram-дағы жабық топтарда порнографиялық видео материалдарды, соның ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған контентті сатумен айналысқан.
Қарағанды облысында 60 жастағы ер адам ұсталды. Ол ақша үшін кәмелетке толмаған қыздардың аналары арқылы олармен жыныстық сипаттағы әрекеттер жасап, бала порнографиясын түсірген.
Ішкі істер министрлігі желідегі жезөкшелікке қарсы күресте шарасыз екенін мойындаған-ды.