Алматы әкімдігі крематорийді кімге беруді әлі шешкен жоқ

Алматы әкімдігі жаңадан салынған крематорийді қай ведомствоға тапсыру қажеттігін әлі анықтаған жоқ. Мұны құрылыс басқармасы мәлімдеген.
«Власть» басылымының ақпаратына қарағанда, нысан әділет органдарында өткен жылы тіркелген. Ал бастапқыда оның 2021 жылы пайдалануға берілуі жоспарланған еді.
Не кедергі?
«Қазіргі уақытта Алматы қаласы әкімдігі Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне осы нысанның түпкілікті баланс ұстаушысын анықтау қажеттігі туралы хат жолдады», – делінген ресми жауапта.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Нысанды пайдалануға беру актісі қол қойылған. Ал 2024 жылдың үшінші тоқсанында крематорий сәулет және әділет органдарында ресми тіркелген.
Сақалды крематорий құрылысы
Алматыдағы крематорийді 2021 жылдың қыркүйегінде ашу жоспарланған. Бірақ мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Нысанның құрылысы бұрыннан аяқталғанымен, инженерлік желілерді тарту жұмыстары кешікті. 2023 жылдың басында желілерді тарту жұмыстарының 80%-ы орындалғаны, алайда ТП-10/0,4 кВ трансформаторын орнату және газ құбырын жүргізу әлі аяқталмағаны хабарланды. Сол кезде 2023 жылдың қараша айында крематорий толық іске қосылады деп күтілген.
Алайда, кейіннен Алматы қаласының құрылыс басқармасы крематорийдің инженерлік желілерін салумен айналысқан «ТаразҚұрылысИнвест» компаниясын сотқа берді.
Не себепті?
Мердігер құрылыс мерзімін бұзғаны үшін мемлекеттік сатып алулардың адал қатысушысы еместігі деп танылып, компаниядан 2,7 миллион теңге көлемінде айыппұл өндірілді.
2024 жылдың қараша айында әлі ашылмаған крематорийде қайтадан косметикалық жөндеу жүргізілді. Құрылыс басқармасы сол кезде нысан алдағы уақытта пайдаланушы ұйымға беріледі. Десе де, оның нақты қай мекемеге тапсырылатыны әлі белгісіз екенін мәлімдеген еді.