
Сингапурлық GK Hyperscale Ltd компаниясының қатысуымен Қазақстанда гипермасштабталатын деректерді өңдеу орталықтары салынады. Премьер-министр Олжас Бектенов инвестормен келісім-шартқа қол қойды.
Жалпы қуаты 200 МВт болатын екі бірдей деректерді өңдеу орталығы Ақмола мен Қарағанды облыстарына салынады. Жобаға тартылған инвестиция құны – 690 млрд теңге.
«Мұндай орталықтарды құру Қазақстанға Microsoft, Google және Amazon сияқты халықаралық технология алпауыттарын, сондай-ақ үлкен деректермен және машиналық оқытумен жұмыс істейтін компанияларды тартуға мүмкіндік береді. Жоба жалақы деңгейі жоғары жұмысорындарын ашу және технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету арқылы цифрлық экономиканы дамытудың қозғаушы күшіне айналады», – деп жазылған хабарламада.
Деректер өңдеу орталығы іске қосылғаннан кейін Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық хаб ретіндегі рөлі күшейеді деген жоспар бар. Жоба құрылысының бірінші кезегі 2027 жылы басталады. 2030 жылы толық пайдалануға берілуі керек.
Бұған дейін Екібастұзда да деректер өңдеу орталығы салынады деп хабарланған. Ол үшін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Қазақстан Даму Банкінен 66 млрд теңге несие алмақшы.