
Шапан мен қажекей, қамзол мен тақияны бұрынғыдай тек базардан ғана таппайсыз. Цех ашып, ұлттық киім тігетін бизнес иелері де баршылық. Бірақ бағасы да әртүрлі. Бір жерден 15 мыңға қамзол алсаңыз, екінші дүкенде шапанның бағасы 100 мыңнан асып жығылады. Kursiv.Media нарықтағы ұлттық киім бағасын шолып көрді.
Жеке өндіріс, жеке бренд
Нарықтағы ең қымбат шапанның бірі – танымал сән үйлерінде. Мәселен, Динара Сәтжан жеке шоу-румында әйелдерге арналған шапандар 125 мың теңгеден басталады. Бархыттан тігілген, өңірі әшекейлермен безендірілген шапандар бағасы 138 мың, 165 мың теңгеге дейін жетеді.
Дәл осындай сапа мен бағадағы ұлттық киімдерді Аида Қауменованың сән үйінен таба аласыз. Дизайнер 20 жылға жуық уақыт ұлттық этно-стильде киімдер тігеді. Әйелдер мен ерлерге арналған шапандар Аиданың сән үйінде 155 мыңнан сатылады. «Ханшайым» топтамасындағы шапандарды жеңілдікпен 145 мың теңгеге алуға болады.
Осындай авторлық ұлттық киімде брендке айналған сән үйі Kaidarova-дан таба аласыз. Парақшасында жазғанда, олардың авторлық принті бар, жеке тапсырысқа тігіп береді. «Ою» топтамасындағы ұзын кардигандар 105 мың теңгеден сатылады. Дәл осындай қысқа кардигандары мен бомберлер бағасы 72 мың теңгеден тұр.
Премиум сегменттегі ұлттық киімдер шығаратын тағы бір өндіріс – «Қазақ шапаны» дүкені. Бизнес иелерінің сөзінше, барлығы италиялық кашемирден тігіледі. «Ұмай», «Найза» деп аталатын әйелдер мен ерлерге арналған шапандар 97 мың теңгеден сатылады.

Ерлі-зайыптыларға арналған шапандар да бар, олардың бағасы 54 мыңнан басталады. Сондай-ақ 35 мың теңгеге «төре», «алтын ою» атты жакеттер сатып алуға болады.
Қолжетімді баға, қолайлы сапа
Соңғы жылдары қыздар арасында тақия ерекше танымал болып кетті. Жиектері өрнектелген, әшекейлермен безендірілген бас киімнің бағасы да аса қымбат емес. Takiya.kz брендінен авторлық топтамадағы, арнайы тігілген тақияларды 8-9 мың теңгеге сатып алуға болады. Бойжеткендер арналған шапандар да қолжетімді, бағасы 25 мың теңгеден басталады.
Қыздар арасында тағы бір танымал аксессуар – корсет. Қазақи өрнекпен безендірілген корсеттерді бұл брендтен 14 мың теңгеге сатып алуға болады.
Ал ерлерге арналған топтамалар іздесеңіз Qulan.kz дүкені бар. Мұнда жігіттер киетін ерекше тақияларды 8 мың теңгеге табуға болады.
Тігін шеберханасында ұлттық киім тігетін тағы бір отандық бренд – Myrza brand. Ассортиментіндегі әйелдерге арналған шапандар бағасы 25 мың теңгеден бастап 75 мыңға дейін барады. Ал «Сырғалым, «Кербез» деп аталатын көкірекшелер 15 мың – 45 мың теңге аралығында сатылады.
Ерлерге арналған шапандар 25 мың теңгеден бастап, 79 мың теңгеге дейін барады. Сондай-ақ ұлттық нақыштағы 6000 теңгеден тұратын тақиялар мен 7500 теңгеге белбеу алуға болады.
Ұлттық киімді Darideriya бренді де ұсынады. Бұл дүкеннен әдеттегі бархыт мата емес, киізге бастырылған шапанды табуға болады. Бағасы – 55 000 тг. 52 мың теңгеге ерекше этно-пиджактар да аласыз. Зығыр матасынан тігілген шапандар 32 мың теңгеден сатылады. Әйелдер арасында танымал болған абайкалар да бар. Ұлттық стильде безендірілген абайкаларды 36 мыңнан табасыз.
Егер сізге бұдан да төмен бағадағы шапандар қажет болса, Kaspi.kz дүкенін шарлауға болады. Ерлерге арналған шапандар 8-9 мың теңгеден, әйелдердің қамзолы мен қажекейі 12 мың теңгеден басталады.
Бүгін, 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Ұлттық киімдерді тек мерекеде ғана емес, күнделікті тұрмыста да киюді әдетке айналдырайық.