Shahed дроны ма: Батыс Қазақстанда тағы бір белгісіз ұшу аппараты құлады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Атамекен ауылының тұрғындары белгісіз нысанды суретке түсіріп алды / фото: «Уральская неделя»

Батыс Қазақстан облысы аумағына тағы бір белгісіз ұшу аппараты құлады. Бұл жолы оны Тасқала ауданының тұрғындары тауып алды. Қашықтан басқарылатын аппаратқа ұқсас нысанның ұзындығы – 3 метр. Бұл туралы жергілікті «Уральская неделя» газеті хабарлайды.

Shahed дроны ма?

Тұрғындардың әлеуметтік желілерде жариялаған суреттері мен видеоларына қарасақ, ұшу аппаратының бір қанатына сары бояумен «Герань» деп жазылған. Бұған қоса қара түсті нысанға «18358» және «С2ВКМ» нөмірлері басылған.

Иранның Ресей қарулы күштеріне берген әскери Shahed дрондары Герань деп аталатыны мәлім.

Қазақстанның батысына кейінгі бір айда осымен екінші мәрте белгісіз ұшу аппараты құлады. 18 ақпанда Бөкейорда аудандағы Ұялы ауылының тұрғындары ақ түсті дрон тәріздес нысан тауып алған. Ал бүгінгі құлағаны одан шамамен екі есе үлкен.

Жергілікті тұрғындар түсіріп алған суреттер әлеуметтік желілерге тез таралды / Куәгерлер түсірген сурет

Оралдан саперлер бара жатыр

Бұл жолы дронға ұқсас қара түсті аппаратты Атамекен ауылының тұрғындары тауып алып, 60 шақырым жердегі Тасқала аудандық полиция бөліміне хабарлаған. Полиция мәліметті 18 наурызда сағат 17.35-те алған.

Белгісіз нысан ұзындығы – 300 сантиметр. Аппарат құлаған орынға аудандық полиция, жергілікті әкімшілік және төтенше жағдайлар мекемесінің қызметкерлері шықты.

Ал Орал қаласынан Тасқала ауданына полиция саперлері бара жатыр.

Ұялу ауылының маңына құлаған ұшу аппараты туралы мәлімет жарияланбады / фото: ашық дереккөз

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір ай бұрын – 18 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданына қарасты Ұялы аулының маңына белгісіз ұшу аппараты құлаған. Оны полиция Орал қаласына тексеруге алып кеткен. Алайда содан бері біраз уақыт өтсе де, тағайындалған сараптама нәтижесі де, нысан туралы тың мәлімет те әлі жарияланған жоқ.

Бөкейорда ауданы тұрғындары үшін бұл оқиға таңсық емес. Жақын маңда Ресейдің Капустин Яр әскери полигоны орналасқан. 2020 жылы мұнда зымыран қалдықтары, ал 2014 жылы метеорологиялық зымыранның бір бөлігі құлаған.

Сондай-ақ оқыңыз