Kaspi нарықтан 500 млн доллар тартуды көздейді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Kaspi.kz
Қазақстандық ірі компания алғашқы бес жылдық облигацияларын шығарғалы жатыр / фото: shutterstock

Kaspi.kz 18 наурызда бес жылдық облигацияларын саудаға шығару арқылы нарықтан 500 млн доллар тартуды көздеп отыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды.

Облигацияларды орналастырумен Citigroup Inc. және JPMorgan Chase & Co. айналысады.

Биыл қаңтарда Kaspi түріктің D-Market Electronic Services & Trading (Hepsiburada) онлайн-ритейлерінің 65,41% акцияларын сатып алды. Келісім құны – 1,127 млрд доллар. Соның 600 млн доллары келісім жабылатын соңғы күні төленді. Ал қалған 526,9 млн долларды компания алты айдың ішінде төлеуге уәде берді. Екі компания да өз брендтері мен операциялық құрылымдарын сақтап қалды.

JPMorgan сарапшысы Реджинальд Смит келісімді Kaspi-ге әлемнің жоғары лигасына жол ашқан «батыл қадам» деп сипаттады.

Kaspi қазір түріктің Rabobank Group бөлімшесі – Rabobank AS-ты сатып алуға келісім жүргізіп жатқаны мәлім. Келіссөз әлі аяқталған жоқ. Осы мәселеге қатысты түпкілікті шешімді түрік қаржы қадағалаушысы қабылдайды.

Түрік банкі қаншаға саудаланып жатқаны туралы әзірге ешқандай мәлімет жоқ. Түріктің Rabobank бөлімшесінің 2024 жылғы желтоқсанда шоғырланбаған активтері $52 млн болған.

2024 жылы Kaspi америка нарығына шығып, АҚШ биржасына құны $1 млрд акцияларын орналастырды. Әр акция 92 доллардан шығарылды.

Бұған дейін Kursiv.Media 2024 жылдың қорытындысы бойынша Kaspi.kz таза пайдасын 1,1 трлн теңгеге дейін жеткізгенін жазған.

KASE-нің 2025 жылғы 1 қаңтардағы мәліметінше, Kaspi.kz акционерлері: Baring funds (23,51%), компанияның негізін қалаушылардың бірі әрі басшысы Михаил Ломтадзе (21,53%) және Вячеслав Ким – 20,39%.

Сондай-ақ оқыңыз