
Иран мен Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) арасында еркін сауда туралы келісім 2025 жылғы 15 мамырда күшіне енеді. Бұл туралы Еуразия экономика комиссиясының сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Тегеран комиссияға еркін сауда ұйымына толыққанды қосылуға дайын екенін жеткізген.
«Келісім шарттарына сәйкес, құжат күшіне енуі үшін 60 күн уақыт қажет. Осылайша, Келісім 2025 жылғы 15 мамырда күшіне енеді», – деп мәлімдеді ЕЭК сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.
Еркін сауда туралы келісім ЕАЭО мен Иран арасындағы уақытша келісімді алмастырады. Бұл құжат 2018 жылы 17 мамырда Астанада қабылданған. Қазақстан оны 2019 жылғы 7 мамырда ратификациялаған.
Енді Иранмен сауда айналымын екі есе арттырып, 12 млрд долларға дейін жеткіземіз деп есептейді ЕЭК.
Алайда Иранға салынған санкциялар, валюта мәселелері, сыртқы саудадағы қайшылықтар мұндай межеге тезірек жетуге кедергі келтіруі мүмкін.
Қалай дегенмен, уақытша келісімнің арқасында ЕАЭО мен Иран арасындағы сауда айналымы төрт жылдың ішінде екі есе ұлғайып, 2023 жылы 4,1 млрд долларға жеткен.
Жаңа келісім күшіне енген уақытта ұйым елдері арасында тауардың шамамен 90% ешқандай баж салығынсыз еркін сатылады.
2015 жылы құрылған Еуразия экономикалық одағына Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей кіреді. 2024 жылғы желтоқсанда Иран ұйымда бақылаушы мәртебесіне ие болған.
Айта кетейік, Біріккен Араб Әмірліктері де ЕАЭО-мен еркін сауда аймағы туралы маңызды келісімге қол қояды. Құжат бірнеше айда дайын болады. Ол 2025 жылы қабылданатынын Әмірліктердің сыртқы сауда жөніндегі министрі Тани бен Ахмед әл-Зейуди мәлімдеген.