Бағдаршамның қызылына өте шығатындар көбейді. Жаза күшейе ме

Елде бағдаршамның қызыл түсін елемей, өте шығатын жүргізушілердің саны күрт өсті. Қаңтар және ақпан айларында құқық қорғау органдары осындай 106 мың заңбұзушылықты тіркеген.
Бейнебақылау тосқауыл емес…
DataHub статистикасына сенсек, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім шамамен алты есе артқан. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1,5 есе ғана көбейген болатын. Былтырғы көрсеткіштің өзі алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есеге артқан. Бұған дейін жыл сайынғы өсім 41 %-дан аспаған.
Заңбұзушылықтардың көбеюін сарапшылар бейнебақылау жүйесінің кебеюімен байланыстырады. 2024 жылы бағдаршамның қызыл сигналына өту бойынша айыппұлдардың 86%-ын камералар тіркеген. Жыл ішінде мұндай құрылғылардың саны үш мыңға артып, 25 мыңға жетті.
Сары түске өту фактілері де аз емес
Бұдан бөлек, Астанада сары түстіде елемей, өтіп кету фактілері көбірек тіркеле бастады. Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, егер жүргізушіге шұғыл тежелу қаупі төнбесе, сары шам да тыйым салынған белгі ретінде есептеледі. Бұл механизм пилоттық режимде Алматы мен Шымкентте де сынақтан өткізілуде. Сынақтан өткізе бастаған алғашқы айларыдың өзінде елордада 18 мыңдай осындай заңбұзушылық анықталған.
Көлік санының көбеюі де статистикаға әсер етуі мүмкін. Мәселен, 2024 жылдың наурызынан бері елде автокөлік саны 412,8 мыңға артқан.
Тұрақ үшін айыппұл
Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерінің басқа да бұзушылықтары бірнеше есеге көбейді. Мысалы, дұрыс қойылмаған тұрақ үшін және жол белгілері мен жол таңбалау талаптарын сақтамау бойынша айыппұлдар 2,4 есеге өсті.
Сарапшылардың айтуынша, камералардың көбеюі, жаңа ережелердің енгізілуі және автопарктің ұлғаюы айыппұлдар санының күрт артуына ықпал еткен. Жүргізушілердің жол мәдениетін дұрыс сақтамауы да тағы бір себеп.
Жуырда сенатор Марат Қожаев Қазақстанда көлік жүргізуге рұқсат беру процесі тым жеңіл екенін, сондықтан бұл механизмді қайта қарау қажет екенін айтқан болатын. Депутат жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібін қайта қарау керек деп санайды.
Сондай-ақ, Қожаев жол ережесін жиі бұзатындар үшін 50% айыппұл жеңілдігін алып тастауды сұрап, премьер-министрге сауал жолдаған болатын. Депутат 10 реттен артық жол ережесін бұзған көлік иелеріне теориялық емтиханды қайта тапсыруды міндеттеуді талап етіп, тіпті қажет болса, жиі жол ережесін бұзатындарды куәлігінен айыру тетігін қарастыруды сұраған.