
«Bazis-A» құрылыс компаниясының негізін қалаушы Александр Беловичтің өгей қызы болған Лара Жаклин Эртл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Астанада өткен баспасөз конференциясында ол анасы – Alfa Stom стоматологиялық клиникалар желісінің негізін қалаушы Лилия Аношина мен компания директоры Татьяна Беловаға араша сұрап, негізсіз қылмыстық қудалауға тап болғанын айтты, деп хабарлайды KursivMedia тілшісі.
Лара Жаклин Эртл – Австрия азаматы, анасы Лилия Аношина (Қазақстан азамат) бұрын кәсіпкер Александр Беловичпен некеде болған.
Лара Жаклиннің айтуынша, Александр Беловичтің әрекеті салдарынан бір жылға жуық уақыттан бері Alfa Stom компаниясының директоры Татьяна Белова уақытша ұстау изоляторында отыр.
«Анам Лилия Аношинаға халықаралық іздеу жарияланған. Соған байланысты Қазақстаннан тыс жерде болуға мәжбүр. Мұның бәрі 2019 жылы Францияда болған жағдайдан басталды. 2017 жылы 18 жасқа толдым. Ол кезде өгей әкем Александр Белович, анам Лилия Аношина бәріміз Францияда болдық. Белович туған күніме орай Франциядан жылжымайтын мүлік сыйлайтынын айтты. Нотариуста болып, бұл үйді сыйлыққа алғанымды айтты. Арада 4 жыл өткен соң Александр Белович пен анам ажырасты. Содан кейін жылжымайтын мүліктің сыйлық емес, 11 млн еуро көлеміндегі жоспарланған және рәсімделген қарыз екенін білдім. Бұл жағдай бойынша француз заңгерлерімен кеңестім. Олар мен арқылы Александр Беловичтің Қазақстаннан ақшаны Еуропалық банкке шығарғанын айтты», – дейді Лара Жаклин.
Айтуынша, ол кезде Лара Жаклин француз тілін білмегенін, ата-анасына сеніп, құжатқа қол қойған.
«2019 жылы 11 млн еуро көлемінде қарызды төлеу бойынша талап арыз алдым. Студент ретінде мұндай қаражатым болмады. Осы жағдайдан кейін Александр Беловичпен бірнеше рет байланысуға тырыстым. Жылжымайтын мүлікті қайтарып беруге дайын екенімізді айттық, бірақ ол қазірге дейін қабылдамай жүр. Менің түсінгенім бойынша, бұл жылжымайтын мүлікті декларациялау қажет. Ол жылжымайтын мүлікке меншік құқығын шектеп тастап, менен ақша талап етіп отыр», – дейді Жаклин.
Лара Жаклин Францияда қарыз алған компанияның 99% меншік иесі, қалған бір пайызы анасы Лилия Аношинаға тиесілі.
«Александр Беловичпен бес жыл бойы соттастық, сот әлі де жалғасып келеді. Алайда 2024 жылдың жазында бұл істе үшінші тұлға пайда болды. Ол – менің бұрынғы күйеуім, Ресей азаматы Владислав Лихачев. Онымен 2019 жылы таныстық, екеуміз менің анамның үйінде тұрдық. Ол соттағы біздің ұстанымымызды білді, оған үйдегі барлық құжат қолжетімді болды. Ажырасатын кезде ол сот материалдарының бәрін фотоға түсіріп алған. Содан кейін Алматыға келіп, менің өгей әкем болған Александр Беловичтің компаниясына жұмысқа орналасқан. Екеуі бірлесіп Қазақстан, Ресей, Францияда біздің соңымызға түсіп алды», – дейді ол.

Адвокат Сәуле Қобжанова Владислав Лихачевтің алаяқтықпен айналысатынын, фейк аккаунт арқылы хабарлама жіберетініне сенімді.
«Құрметті президент, Владислав Лихачев Қазақстан аумағында жүруі және қызмет етуі ұлттық қауіпсіздікке және қазақстандықтарға қауіп төндіреді. Себебі келешекте кез келген адам фейк хабарлама кесірінен қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін. Сол себепті бұл іске назар аударып, араласуыңызды сұраймыз. Ойдан шығарылған, фейк хабарламаға негізделіп аса ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Бір адам негізсіз қамауда отыр, енді біріне халықаралық іздеу жарияланған. Бұл іспен ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысуы қажет деп санаймыз», – деді адвокат.
Оның сөзінше, істе фейк аккаунттан жолданған хабарламалар бар. Алайда бұл хабарламаға филологиялық сараптама жасалып-жасалмағаны әлі белгісіз. Мұндай дерек сот барысында белгілі болады. Алайда адвокат хатты Лилия Аношина жібермегеніне сенімді.
«Мұндай фейк арқылы «шабуыл» Ресей аумағында да болды. Ол кезде құзырлы орган анам Лилия Аношинаны шақырып, жауап алды. IP мекенжай тексерілді. Лихачев 20-дан астам арызбен жүгінген, бірақ бір де бірінде қылмыстық іс қозғалған жоқ», – дейді Лара Жаклин.
Лилия Аношина мен Татьяна Беловаға қандай айып тағылған?
Адвокат Сәуле Қобжанова Лилия Аношинаның «бопсалау» бабы бойынша айыпталып отырғанын айтты.
«Аса ауыр бап бойынша айыпталып отыр. Александр Беловичке хат жазып, бірнеше млн еуро бопсалады деп айыпталған. Бұл бап 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Татьяна Белова «жымқыру» деген айып тағылған. Бұл Америкадан көлік әкелуге қатысты іс, арызданушы – Владислав Лихачев. Ол шетелден әкелген көліктер үшін әйелге 230 мың доллар берген. Оның ақшаға қатысты сұрағы жоқ, қаражат Америкаға жеткен. Оған 11 не 12 көлік сатып алынған. Көліктер Ресейде. Бұл жағдай Ресейде болған, Қазақстанға қатысы жоқ», – дейді Қобжанова.
Айта кетейік, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органы порталындағы ақпаратқа сүйенсек, Alfa Stom клиникалар желісінің иесі Лилия Аношинаға Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция департаменті 2025 жылдың 1 қаңтарында іздеу салған.
Оған дейін полиция Alfa Stom стоматологиялық клиникалар желісінің негізін қалаушы Лилия Аношина мен компания директоры Татьяна Беловаға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Оның үстінен «Bazis-A» құрылыс компаниясының негізін қалаушы Александр Белович пен оның бұрынғы күйеу баласы ресейлік бизнесмен Владислав Лихачев шағымданған.
Осы іске байланысты полиция Аношинаның екі адвокаты Жанна Уразбахова мен Ғабит Бекітаевтың үстінен де іс қозғаған еді.