“Наконец-то”, “Карантин”, “Локдаун”. Коронавирус пандемиясына 5 жыл

Бүгін коронавирус пандемиясына байланысты карантин жарияланғанына тура 5 жыл. 2020 жылғы 19 наурызда елдің ең үлкен екі қаласы Астана және Алматыда адамдардың жүріс-тұрысына, кіріп-шығуы шектеу қойылып, тұрғындар үйіне қамалды. Артынша құбылыс жаппай сипат алып, ел түгелдей карантинге кетті. Осы ретте Kursiv.media COVID-19 пандемиясының 5 жылдығына орай оқиғалар хронологиясын еске түсіреді.
«Наконец-то»
Коронавирустың алғашқы фактілері 2019 жылғы желтоқсанда Қытайдың Ухань қаласында тіркелген. 2020 жылғы 30 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың таралуын төтенше жағдай деп танып, 11 наурызда пандемия жариялады. Осы кезде індет әлемге жаппай таралып жатты. Қытайдың іргесінде тұрған Қазақстан ол уақытта аурудан аман еді. Алайда бұл ел ішінде түрлі болжам мен конспирологияның таралуына жол ашып, жалпы вирустың барына күмәнмен қараушылар көбейді. Елдің сол кездегі бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің осындай әңгімелерден жүйкесі сыр берді ме, әлде жәй ғана сөзден жаңылды ма, әйтеуір кезекті баспасөз жиындарының бірінде Қазақстанда 11-16 наурыз аралығында коронавирус тіркелуі мүмкін деген болжамды айтарда абайсызда «ақыры пайда болады» (наконец-то) деп құтты қонақты күткендей оғаш мәлімдеме жасады. Оның бұл сөзі қоғамда қызу талқыланып, ұзамай Бекшин қызметінен кетті.
Алғашқы факті
Коронавирус індетінің алғашқы фактісі Бекшин айтпақшы, ақыры 13 наурыз күні тіркелді. Оны Германиядан ұшып келген елдің екі азаматы әкелді. Оның бірі Астана қаласы сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев екені айтылды.
Төтенше жағдай
15 наурызда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бойынша төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Төтенше жағдай 16 наурыздан 11 мамырға дейін жалғасты.
Карантин
19 наурызда алдымен Астана және Алматы қалаларында карантин жарияланып, қалалардың кіре-берісіне блокпост пен күзет қойылды. Кіріп-шығу, қозғалыс шектелді. Әуе, көлік, темір жол қатынасы тоқтады. Кейінірек карантин эпидемиялық ахуалға байланысты елдің өзге өңірлерінде жарияланды. Біраз адамның жұмысы қашықтан істеу форматына ауыстырылып, көп адам жұмысы тоқтап табыссыз қалды.
42 500 теңге
23 наурызда президент төтенше жағдай салдарынан табысынына айырылған азаматтарға сол кездегі ең төменгі жалақы 42500 теңге мөлшерінде бір реттік әлеуметтік төлем төлеуді тапсырды. Алғаш көмек 1,5 миллион адамды қамтитыны айтылды. Ақырында төлем 2 жарым млн-ға жуық адамға берілді. Бұл төлемге байланысты жыр жетеді. Бастапқыда сервистер асқын жүктемені көтермей, мемлекеттің цифрлық инфрақұрылымы үлкен сынақтан өтті. Төлемді негізсіз алғандар қайтарады, тіпті айыппұл төлейді деген әңгіме тарады. «Бізге неге берілмейді», «біріншісі түсті, екіншісін алмадым» деген сияқты түсініспеушілік пен наразылықтар да аз болмады.
Онлайн оқу мен тапсырыс
Карантинге байланысты оқушылар мен студенттер онлайн оқу форматына көшті. Мектепке арналған кей сабақтар теледидардан көрсетіліп, көбі мессенджерлер арқылы жүрді. Онлайн сервистердің тасы өрге домалады.
Пандемияға дейін сұранысы бірқалыпты болған жеткізу қызметтерінің жұмысы еселеп көбейіп, үйден шықпай тапсырыс жасау әдеттегі жағдайға айналды.
Күнделікті өмірдің бөлігіне айналған сөздер
Адамдардың лексиконында «маска», «карантин», «локдаун», «антисептик», «Ashyk» жүйесі, «оқшаулану», «жазыл, сары, қызыл аймақ», «вакцинация» сияқты ұғымдар жиі қолданылатын сөздерге айналды.
Індеттің шырқау шегі
2020 жылғы шілдеде коронавирус жаппай таралып, шырқау шегіне жетті. Ауруханада бос орын жоқ. Науқастар дәлізде жатты. Маман, оттегі аппараттары жетпей, түрлі қоғам белсенділері халықтан жылу жинап, аппарат сатып алуға кірісті. 2020 жылғы 13 шілдеде коронавирус құрбандарын еске алуға арналған аза тұту күні жарияланды.
Коронавирус құрбандары
Ресми дерек бойынша елде коронавирустан 13 мыңнан астам адам көз жұмды. Олардың арасында қарапайым адамдар да, танымал композитор, дизайнер, әртіс, журналист, спортшы да, әкім-қаралар да, ақ халатты жандар да бар.
Конспирологиялар мен қастандық теориялары
Коронавирусты о бастан өтірік санаушылар шығып соларға сенетіндердің қарасы аз болмады. Індеттің айналасында түрлі фейктер мен жаңылыстыратын ақпараттар тарады. Мәселен, біреулер «вирусты әдейі қолдан жасап шығарыпты» десе, енді біреулер «бұның бәрі адамзаттың санын азайту үшін ойлап табылған амал» десті. Келесілер «коронавирустың артында әлемдегі ең бай адамдардың бірі Билл Гейтс тұр» десе, тағы бір топ «коронавирусты ауаға ұшақ арқылы биліктің өзі шашады» дегенге халықты сендіргісі келді. Антиваксерлер вакцина адамды ауру қылады деген қарсылықтың сан түрін танытты.
Осының бәрі күні кеше ғана болған сияқты еді, бақандай 5 жыл өте шыққан екен.