Ким мен Огайға тиесілі кәсіпорында кезекті апат: шахтада бір жұмысшы қаза тапты

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
«Қазақмыс» шахтасында жұмысшы қаза тапты
«Қазақмыс» шахтасында жұмысшы қаза тапты / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазақмыс» компаниялар тобына қарасты Ұлытау облысындағы Шығыс-Жезқазған кенішінде жұмысшы қаза тапты. Бұл туралы корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады.

Апат тауарлық-материалдық құндылықтарды түсіру кезінде болған.

«1994 жылғы жұмысшы жүк оқпаны алаңындағы саңылауға құлап кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан жұмысшы оқиға орнында көз жұмды. Оқиғаның мән-жайы мен себебі анықталуда, жазатайым оқиғаны тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды» делінген компания хабарламасында.

«Қазақмыс» қаза тапқан жұмыскердің отбасына ұжымдық шартта қарастырылған барлық қажетті көмек көрсетілетенін атап өтті.

Корпорация сондай-ақ өндірістік нысандарында жазатайым оқиғалардың жиілеуіне байланысты бүгіннен бастап бекітілген кестеге сәйкес тәуекел деңгейі жоғары барлық технологиялық процесті тоқтата тұру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Қауіпсіздікті күшейту жөніндегі шаралар шеңберінде барлық өндірістік нысан жоспардан тыс тексеретіні айтылды.

«Инженерлік-техникалық персонал мен жерасты жұмыс орындарын қайта аттестаттаудан өткізеді. Сонымен қатар комиссия құтқару жабдықтарының даярлығын, қызметкерлердің өнеркәсіптік қауіпсіздік техникасы мен төтенше жағдайдағы іс-қимыл алгоритмдері бойынша білімін тексереді», – дейді компаниядағылар.

Кейінгі жылдары «Қазақмыс» компаниясына қарасты шахталарда қайғылы оқиғалар жиілеген. Апаттың соңғысы жуырда ғана болып, тау-кен массасы опырылуы салдарынан 7 кенші қаза тапқан.

«Қазақмыс» – Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші. Компания кен өндіріп, оны тауарлық металға өңдейтін объектілерді басқарады. Корпорацияға кәсіпкерлер Владимир Ким мен Эдуард Огай «Kazakhmys Copper» АҚ арқылы иелік етеді. Оларға «Қазақмыс корпорациясының» 69,37% және 29,73% үлесі тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз