
Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты сауда айналымы 2024 жылы 43,8 млрд долларға жетті. Қос тарап кедергісіз сауданы дамытуға ниетті. Бұл мәліметтер Қазақстан-Қытай Ынтымақтастық комитетінің Бейжіңде өткен 12-ші отырысында жарияланды.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақстандық делегация Қытай Халық Республикасына сапары барысында қытайлық әріптестерімен бірқатар келіссөз жүргізді. Отырыс қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында бірқатар құжаттарға қол қойды. Атап айтқанда, су ресурстары және мұрағат салаларында ведомствоаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған келісімдер жасалды.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы сауданы жеңілдету, көліктік өзара байланыстарды арттыру, жергілікті өндірісті дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және логистика салаларындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше назар аударылды.
Сапар аясында қазақстандық делегация Қытайдың металлургия, энергетика, машина жасау және агроөнеркәсіп салаларындағы ірі компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізді. Қазақстанда көмір химиясы, көлік жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және жаңартылатын энергия көздері салаларында бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.
Роман Скляр Қазақстан үшін өнеркәсіпті дамыту стратегиялық басымдықтардың бірі екенін атап өтіп, қытайлық компанияларды қазақстандық кәсіпкерлермен ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды. Өз кезегінде Қытайдың жетекші компаниялары Қазақстанды стратегиялық жобаларды жүзеге асырудағы сенімді серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді.
2025 жылғы қаңтарда Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 9,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 10,3%-ға аз. Бұл айда Ресей мен Қытайға тауар жеткізу қысқарған.