
Танымал журналист Динара Сәтжан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыбергеннің үйінде сұхбат алып, оның жағдайы мен айналасындағы соңғы оқиғалар туралы ойын білді.
«Әкімнің айтқан сомасы асыра көрсетілген»
Журналистің айтуынша, әкім атаған жалақы мөлшері шындыққа сай келмеуі мүмкін. Сонымен қатар ол футболшы мен клуб арасындағы келісімшарт құпия екенін еске салды:
«Біріншіден, әкімнің атаған сомасы, менің білуімше, асыра көрсетілген. Екіншіден, келісімшарт құпия емес пе? Үшіншіден, клубты Асхатпен келісімшартқа қол қоюға ешкім мәжбүрлеген жоқ қой», – деп жазды Сәтжан
Қазақстандық футболшылар лайықты табыс табуға құқылы
Динара Сәтжан бұл жағдайды қазақ футболшыларына деген әділетсіздік деп санайды. Оның пікірінше, легионерлер жоғары жалақы алғанда, өзіміздің футболшылар да лайықты еңбекақы алуы керек.
«Асхат – Қазақстан футболының беткеұстары, болашақ ойыншылар үшін үлгі бола алады. Легионерлерге жоғары жалақы төленгенде, біздің ойыншылар неге солай табыс таба алмайды? Асхаттың ұлттық құрамада беделі бар. Үш жылдан бері Қазақстан құрамасының капитаны болып келеді. Бұл – ақысыз жұмыс, бірақ осы аралықта үш бапкер ауысқанымен, капитан өзгерген жоқ», – дейді ол.
«Ордабасының» жеңісі кезінде әкім қайда болды?
2023 жылы «Ордабасы» тарихында алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды. Бірақ сол кезде әкімдік тарапынан Асхаттың жалақысы туралы ешкім сөз қозғамағанын тілге тиек етті:
2023 жылы «Ордабасы» Қазақстан чемпионы атанды. Сол кезде әкім Асхаттың жалақысын сұраған жоқ. Ал қазір оны айыптаудың не қажеті бар?
Журналист бұл жағдайдың артында белгілі бір ақпараттық шабуыл тұрғанын да атап өтті. Оның ойынша, футболшыны мазақ қылып, оны «ойнай алмайды, кетпейді, тек жалақы алады» деп айыптау кәсібилікке жатпайды.
Қоғамдық қысым көрсету, әлеуметтік желіде футболшыны қорлау – дұрыс емес. Біз өз спортшыларымызды құрметтеуіміз керек. Қолдау көрсетудің орнына, оларды даттау – үлкен қателік, – дейді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков «Ордабасы» капитанының жалақысын жария етіп, бұл мәлімдемесі спортсүйер қауымның наразылығын тудырған болатын.