
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек депутат болғалы жаулары көбейгенін айтты. Дұшпандары өзін қорқытып, үркітуге тырысқан. Бірақ соған қарамастан депутат алған бағытынан таймағанын айтады.
Базарбек Мәжіліске келгелі заңсыздықпен, жемқорлықпен белсенді күрес жүргізіп, сайлаушыларының сеніміне ие болғанын жеткізді.
«Осындай динамикалық қарқында жұмыс істей отырып, өзіме көп жау жинап алдым. Депутаттық қызметте жүріп, үнемі агрессивті сипаттағы немесе жасырын қауіп төндіретін ақпараттық шабуылдарға ұшыраймын. Осыған қарамастан, мен тікелей жауап беретін сайлаушыларымның мүддесін қорғай отырып, өз ұстанымымнан таймай, жұмысты жалғастырып келем», – деді депутат.
Шетелдік ұйымдардың астыртын жұмысы
Сонымен бірге депутат халықаралық ұйымдардың жұмысын сынға алды. Айтуынша, мұндай ұйымдар елдің ішкі саясатына араласқан. Халықаралық қорлардан түсетін қаражатқа кейбір қазақстандық ұйымдар мен белсенділердің жалған демекоратия мен либералдық құндылықтарды желеу етіп, елдегі оң өзгерістерді әдейі сынап келгенін айтады.
«Бұл үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар ішкі істерге өрескел араласты. Олар жүйелі түрде ақпараттық шабуылдар ұйымдастырып, «прогресс пен демократия үшін» популистік ұрандардың артына жасырынып, жұртшылықты әдейі адастырды», – дейді Базарбек.