Жаңалықтар

Антикор жемқорлар туралы хабарлаған 104 азаматқа 35,5 млн теңге төлеген

Жемқорлық туралы хабарлаған
Жемқорлық туралы хабарлаған адамдарға сыйақы көзделген / Фото: kursiv.media архив

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2024 жылы жемқорлық фактісі туралы хабарлаған 104 азаматқа 35,5 млн теңге төлеген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, жемқорлық фактілерін хабарлағаны үшін сыйақы төлеу азаматтық қоғамды ынталандыруға бағытталған. Агенттік бекіткен талаптарға сәйкес мұндай адамдарға 4 АЕК-ке дейінгі көлемінде сыйақы көзделген. Яғни сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы сенімді ақпарат берген адам 15,7 млн теңгеге дейін сыйақы алады.

«2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жалпы сомасы 35,5 млн теңгеге 104 азаматты көтермеледі, оның ішінде 38 мемлекеттік қызметші грамоталармен марапатталды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Көбінде азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартпаған, пара алған, өкілеттіктерін асыра пайдаланған, мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтар мен мемлекеттік маңызды салалардың қызметкерлерінің заңсыз әрекеті туралы хабарлаған.

Қай өңірлер жемқорлыққа төзбейді?

Бұл орайда ең белсенді өңірлер – Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары. Аталмыш өңірлер жемқорлар туралы ақпарат беретін адамдар саны жөнінен алдағы орындарда. Сонымен бірге агенттік мемлекеттік қызметшілер арасында жемқорлық фактілері туралы хабар беретін адамдардың саны артқанын мәлімдеді.

Мәселен, 2024 жылы Шымкент қаласында 6 млн теңге параға қатысты «Т» және «Б» азаматтарының қылмыстық іс-әрекетінің жолын кесуге көмектескен адамға пара сомасының 10%-ы көлемінде сыйақы берілген.

Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпарат берушілердің толық құпиялылығын қамтамасыз етілетінін хабарлайды.

«2023 жылғы 3 қаңтардан бастап азаматтардың бұл санаты куәгерлерді қорғаудың кешенді бағдарламасына түсті. Енді сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамдарға қатысты физикалық қол сұғылмаушылық қана емес, сонымен қатар құпия ақпаратты және олардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары күшейтілді», – делінген агенттік хабарламасында.

Талаптарға сәйкес, енді сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамдарды жұмыс берушінің тәртіптік жауапкершілікке тартуға, жұмыстан шығаруға немесе басқа лауазымға ауыстыруға құқы жоқ. Ол үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерінің қатысумен комиссия құрылуы керек. Сонымен бірге агенттік сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамдарға қатысты құпия ақпарат жарияланса, оны жариялаған адамға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.