
Алматы әкімдігі Наурыз мерекесінің құрметіне «Медеу» мұз айдынының сырғанау маусымын 10 күнге созды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Биылғы жылы «Медеу» таулы мұз айдыны маусымды әдеттегіден он күн өткен соң, яғни 25-ші наурызда аяқтайды. Жаппай сырғанауды ұзарту туралы шешім Наурызды мерекелеу құрметіне және алматылықтардың мұзда сырғанауға деген ерекше сүйіспеншілігін ескере отырып қабылданды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Жылда Алматының мұз айдыны сырғанау мерзімін 15 наурыз күні аяқтайтын. Ал биылғы жылы Наурызнама онкүндігіне орай және халық тарапынан сырғанауға деген сұраныстың артуына байланысты мұз айдынының жұмыс уақыты қосымша 10 күнге ұзартылған.
Әкімдік күннің жылынып кеткеніне байланысты мұз айдынының тек кешкі уақыттарда ашық болатынын ескертеді.
«Медеу» мұз айдынының жұмыс кестесі төмендегідей:
- Жұмыс күндері – 17:00-ден 20:00-ге дейін;
- Демалыс және мереке күндері – 17:00-ден 20:00-ге дейін және 21:00-ден 24:00-ге дейін.
Айта кетсек, 2025-2027 жылдар аралығында «Медеу» мұз айдыны күрделі жөндеуге жабылады. Мұз айдыны халықаралық стандарттарға сәйкес жаңғыртылады. Жөндеу жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.