
Нұрсұлтан Назарбаев бұдан алты жыл бұрын 19 наурызда отставкаға кетті. Бұл оқиға – тәуелсіз Қазақстан тарихы үшін ең маңызды күн.
Қазақстанды 30 жылдан аса басқарған алғашқы президент Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы күні қызметінен кететінін жария етті. Бұл оқиға Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік басына келуіне жол ашты.
Назарбаевтың отставкасы
Назарбаевтың президент қызметінен кету туралы шешімі ұлттық арналардан көрсетілді.
«Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес», – деген еді Назарбаев.
Десе де, Назарбаев отставкаға кеткенін жарияласа да, билікті ізбасарына басы бүтін бергісі келмеді. Бірқатар өкілеттіліктерін өзіне қалдырды. Яғни, Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие болды. Сонымен қатар, билік партиясы Nur Otan мен Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасы қызметін де сақтап қалды.
Бұған не себеп болды?
Назарбаев неге мұндай шешім қабылдады? Бұл сұрақтың басы ашық. Алайда саясаттың төңірегінде жүргендер түрлі нұсқаны айтып жүр. Десе де, бәрінде ортақ бір топшылау бар. Ол – биліктен Назарбаевтың өз еркімен кетпегені.
Мәселен, депутат Ермұрат Бапидің айтуынша, бұған халықаралық жағдай түрткі болған. Сыртқы күштердің мәжбүрлеуі себеп болған көрінеді. Депутат нұсқасын ашық айтпаса да, шындықтың әлі айтылатынын айтқан еді.
Ал саясаттанушы Қазбек Бейсебаев «Назарбаевтың Мәскеудің қысымымен отставкаға кетуге мәжбүр болуы ықтимал» деп жорамалдайды.
Әрине, оның «президенттіктен кеттім» деп мәлімдегенімен, кейбір өкілеттілігін сақтап қалуға ұмтылуы да көп нәрседен хабар беретіндей.
Тоқаев билікке қалай келді?
Ата заңда көрсетілгендей, президенттің өкілеттілігі уақытша сол кездегі Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтті.
Бұл жағдай Тоқаевтың еліміздің екінші президент болып сайлануына түрткі болды.
2019 жылы 9 маусым Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. 10 маусымда Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын жария етті. Ресми нәтиже бойынша, Тоқаев 70,96 пайызы дауыс жинады. Оған 6 млн 539 мың 715 адам дауыс бергені айтылды.
Қос биліктің орнауы
2019 жыл 10 маусым Қазақстанда іс жүзінде қос билік орнады. Назарбаев отставкаға кеттім деп жария еткен соң да ықпалын жүргізді. «Ақорда» мен «Кітапхана» атты екі бірдей билік орталығы пайда болды. Шенеуніктер екі тарапқа да қарайлайтынды шығарды. Кейде шешімдерді қабылдау кезінде «Кітапхананың» таразы басы басым түсетіні байқалды. Бірақ қос билік арасында кикілжіңнің бар екені айқын көрінген емес. Әсіресе, қаңтар оқиғасына дейін.
Десе де, Назарбаев кейбір өкілеттілігін Тоқаевқа тапсыра бастады. Мәселен, 28 сәуірде ассамблея төрағалығын өткізді. Бір қызығы, халықаралық бас қосуларға Қазақстан атынан Назарбаев та, Тоқаев та бой көрсетіп жүрді.
Соның бірі – 2021 жылы 28 желтоқсанда өткен Санкт-Петерборда өткен ТМД елдерінің басшыларының «коронавирусқа қарсы» бейресми кездесуі.
Қаңтар және Тоқаевқа биліктің толық өтуі
2022 жылы 1 қаңтардағы Қазақстанда газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық акциялары басталды. Мұның арты Қаңтар оқиғасына ұласты. Бұл дүрбелең кезінде ресми мәлімет бойынша 225 адам оққа ұшса, құқық қорғау органдары 10 000 адамды ұстады. 18 қаңтарда Назарбаев үндеу жасап, қарапайым зейнеткер екенін айтты.
27 қаңтарда Сенат алғашқы президенттің өкілеттіліктерінен айырды. Оның қатарында Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы да бар. Ертеңіне Назарбаев Nur Otan партиясы төрағасы қызметін де Тоқаевқа өткізді.
Қазақстанда транзит мәселесінің түйіні осылай тарқады. Қазақстандағы биліктің ауысу тәжірибесі ТМД елдерімен салыстырғанда мүлде басқаша өтті.
Мұның алдында Тоқаевтың президенттігі кезеңінде Қазақстан экономикасы қалай өзгергені туралы жазғанбыз.