
Жәнібек Әлімханұлы оразаның келесі қарсыласын жеңуге кедергі болмайтынын мәлімдеді. Айтуынша, рингке тас-түйін дайындықпен шығады.
WBO/IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы Seconds Out басылымына сұхбат берген.
Жәнібек екі белбеуді қорғайды
Онда танымал боксер отыз күн ауыз бекітудің дайындыққа әсеріне баға беріп, келесі қарсыласы туралы пікір білдірген.
Жәнібек Әлімханұлы оразаның 5 сәуірде француз Анауэль Нгамиссенгемен өтетін жекпе-жекке дайындығына ешқандай кедергі келтірмейтінін айтты.
Астана қаласында өтетін бокс кешінің басты айқасында «Қазақ стилі» екі чемпиондық белбеуін қорғамақ.
Ораза әлсіретпей ме?
Оған: «Сен Рамазанда ораза ұстайсың ба? Олай болса, бұл дайындыққа қаншалықты әсер етеді?» – деген сұрақ қойылған. Жәнібек Әлімханұлы оразаның еш кедергі келтірмейтініне сенімді.
«Барлығы жақсы өтіп жатыр. Иншалла, жекпе-жекке дейін бәрі ойдағыдай болады. Бәсеке Рамазаннан кейін бірден өтетіндіктен, толық дайын боламыз. Дайындыққа ешқандай кедергі жоқ», – деп жауап берген Жәнібек Әлімханұлы.
«Екі аяғы, екі қолы бар»
Қарсыласы Нгамиссен де осал емес. Мықты соққы иесі. Бұл айқас қаншалықты қиын болатыны туралы да қазақ спортшысы ойын айтқан.
«5 сәуірде рингке шығып, күш сынасамыз. Оның бокста ерекше қабілеті бар деп ойламаймын. Ол да қарапайым боксшы – екі аяғы, екі қолы бар. Біз шаршы алаңда жекпе-жек өткіземіз», – деді Жәнібек Әлімханұлы нық сеніммен.
Айта кететін жайт, Жәнібек Әлімханұлының Астанада өтетін жекпе-жегіне билеттер сатылымға шықты.