
«Қазақтелекомның» сымды интернет нарығындағы монополист ретінде тым жоғары баға қойып отырған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі осы мәселеге қатысты тергеу бастады.
Агенттік өкілдері сымды интернет қызметі нарығына арнайы тексеру жүргізді. Сонда «Қазақтелеком» АҚ-ның қызметіне тым қымбат баға белгілегеніне анықталды. Осыған қатысты агенттік «бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама бұзушылықтарды тергеп-тексеру рәсімін бастады».
Қазір сымды интернет нарығында ең ірі ойыншы – «Қазақтелеком» АҚ және «Кар-Тел» ЖШС (Beeline).
Тексеру кезінде тағы бір дерек анықталды. Көппәтерлі тұрғын үйлерге басқа байланыс операторлары кіре алмайтындай кедергілер болған. Ол кедергілер тұрғандықтан кабельдік кәріз желілеріне қосылудың техникалық шарттары туралы ақпарат алу да қиындаған.
«Егер аталмыш кедергілер шешілсе, тұтынушыларға интернет қызметтерінің баламалы операторын өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді және кабельдік кәріз иелерінен өтеусіз негізде техникалық ақпарат ала алады. Сондай-ақ анықталған кедергілерді жою бойынша тиісті ұсыныстар уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілді», – деп жазылған агенттік хабарламасында. Бірақ ол кедергілерді нақты қай тарап орнатқаны және қандай ұсыныстар жіберілгені жайлы айтылмады.
Осы мәселеге қатысты Kursiv Media «Қазақтелекомға» журналистік сауал жіберді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұған дейін ұялы байланыс нарығын да тексерді. Агенттік төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов Kcell, Tele2 және Beeline байланыс операторлары тарифтерді көтеру үшін астыртын сөз байласып алуы мүмкін деген. Қазір агенттік оны тексеріп жатыр.