2025 жылы елдегі банктердің барлығына ортақ QR-код жүйесі енгізіледі

2025 жылдың екінші тоқсанында бірыңғай QR-код енгізіледі. Ал 2025 жыл соңына дейін жобаны масштабтандыру аяқталады. Бұл туралы LS тілшісіне Ұлттық төлем корпорациясынан (ҰТК) хабарлады.
Қазіргі уақытта елдегі тоғыз банк бірыңғай QR-код бойынша келісімшартқа отырған. Олардың ішінде Freedom Bank пен RBK Bank өнеркәсіптік ортада пайдаланып жатыр.
«Басқалары өнеркәсіптік пайдалануға іске қосу үшін ішкі жүйелерді тестілеуден өткізуде», – деп атап өтті ҰТК
Корпорация мамандарының атап өтуінше, төлем сервистері мен мобильді қосымшалар үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеу үшін банктер ішкі ақпараттық жүйелерін жетілдіру қажет.
«Бұдан бөлек, жаңа сервистерді енгізу кезіндегі тәуекелдерді барынша азайту мақсатында екінші деңгейлі банктер оларды кезең-кезеңімен іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл аспектілер айтарлықтай уақыт пен күш-жігерді талап етеді, әрі бұл – ауқымды кеңейту процесінің табиғи бөлігі», – деп атап өтеді Ұлттық төлем корпорациясы өкілдері.
Бірыңғай QR-код пен цифрлық теңге жобасының 2025 жылы іске қосылатыны жайлы бұған дейін Ұлттық банк хабарлаған. Мұндай құралдар екінші деңгейлі банктердегі процестің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Нарықтағы қатысушыларға бірдей жағдай жасап, түсінікті, ортақ ережелерге негізделген мүмкіндік береді.