Әскери шолушы: БҚО-ға құлаған дронның Shahed екені даусыз

Әскери шолушы Амангелді Құрмет бір күн бұрын Қазақстанның батысына құлаған белгісіз ұшу аппаратының Shahed 136 дроны екеніне күмән келтірмейді. Оның пікірінше, бір ай бұрын дәл осы өңірде табылған ақ түсті ұшу аппараты да – ресейлік Орлан-10 дроны болуы мүмкін.
Shahed – Герань
2025 жылғы 18 наурызда түстен кейін Батыс Қазақстанның Тасқала ауданы аумағына белгісіз ұшу аппараты құлады. Аудан орталығынан 60 шақырым жердегі Атамекен ауылының тұрғындары түсіріп алған суреттер мен видеолар әлеуметтік желілерде таралды. Қара түсті нысанның ұзындығы – шамамен 3 метр.
Куәгерлер жариялаған материалдарға қарап, ұшу аппаратының бір қанатына сары бояумен «Герань» деп жазылғанын аңғаруға болады. Иранның Ресей қарулы күштеріне берген әскери Shahed дрондары Герань деп аталатыны мәлім. Бұған қоса қара түсті нысанға «18358» және «С2ВКМ» нөмірлері басылған.
Әскери шолушы Амангелді Құрмет құлаған ұшу аппаратының ирандық Shahed екеніне күмәнданбайды.
«Соңғы құлағаны – Иранның Shahed 136 дроны. Күмәнсіз. Бүкіл айшықты белгілері көрініп тұр. Сәл өзгертілген болуы мүмкін. Модификациясын қарау керек. Бірақ Герань дегеніміз – Shahed 136 дроны», – дейді Амангелді Құрмет Kursiv.Media-ға.
Иран Shahed 136 дронын алғаш рет 2020 жылы көрсеткен. Оны «камикадзе-дрон» деп те жиі атайды. 2022 жылы Иран Ресей қарулы күштеріне Shahed дронын бере бастағаны мәлім болды. Ресей оны «Герань-2» деп атап, Украинадағы соғыста пайдаланып жүр. 2023 жылдан бастап Мәскеу иран дронын өз елінде шығара бастаған.
Ақпанда құлаған дрон да Ресейге тиесілі болуы мүмкін
Осыдан тура бір ай бұрын – 18 ақпанда дәл осы өңірдің Бөкейорда ауданына қарасты Ұялы аулының тұрғындары белгісіз ұшу аппаратын тауып алған. Сол кезде құлаған ақ түсті дронның ұзындығы – шамамен 120 см.

Сол кезде жергілікті ақпарат құралдарының кейбірі оны француздың Sagem компаниясы жасаған Crecerelle барлау дронына ұқсатқан.
Алайда Амангелді Құрмет мұндай болжаммен келіспейді. Оның пікірінше, өткен айда құлаған ақ түсті дрон – ресейлік Орлан-10 ұшқышсыз ұшу аппараты.
«Сол кезде мен Францияның Sagem компаниясы ондай дрон өндірмейтінін анықтағам. Ресейдің Орлан-10 дронына өтте қатты ұқсаттым. Соның бір модификациясы болуы мүмкін», – деп есептейді әскери шолушы.
Оның пікірінше, дрондар Ресейдің Қазақстанмен шекаралас Астрахань облысындағы Капустин Яр полигонынан адасып келіп жатыр. Мұнда негізінен әскери зымырандар сыналады.
2020 жылы Қазақстанның полигонға жақын аумағына зымыран қалдықтары, ал 2014 жылы метеорологиялық зымыранның бір бөлігі құлаған. Әскери шолушы бес жылғысын да Ресейдің «Ескендір» зымыранына ұқсатқан.
БҚО аумағына биыл құлаған дронды өңір полициясы тексеру үшін Оралға алып кетті, бірақ содан бері ол туралы тұщымды ештеңе жариялаған жоқ.