Иран билігі хиджаб полициясын таратады

Иран парламентінің спикері жаңа заң қабылданған соң хиджаб полициясы таратылады деп мәлімдеді. Президент уәдесі орындалып жатыр.
Мұхаммед Багер Галибаф ел азаматтарының дресс-код тәртібін қадағалайтын орган жойылатынын Х әлеуметтік желісіне жазды.
«Қолданыстағы заң (хиджаб полициясының) көшедегі кезекшілігіне тыйым салған. Алайда үкіметтің басқа да мәселелерге қатысты тез шешуді қажет ететін проблемасы жетерлік», – деп мәлімдеді спикер. Оның айтуынша, хиджаб кию тәртібін енді басқа бір мекеме қадағалайды.
Президенттің хиджаб мәселесіне қатысты уәдесі
2024 жылғы қыркүйекте Иран президенті Масуд Пезешкиан қыз-келіншектерді киіміне байланысты мазаламауға уәде берген.
«Әдеп полициясы әйелдерге қарсы тұрмауы керек еді. Олардың қыз-келіншектерді мазаламауын жеке өзім қадағалаймын», – деп мәлімдеген Пезешкиан.
2022 жылғы қыркүйекте жаппай наразылық акциясы бүкіл Иранға жайылды. Оған дресс-код тәртібін қадағалайтын полицияның 22 жастағы Махсы Әминиді хиджабты дұрыс кимегені үшін ұрып өлтіруі себеп болды.
БҰҰ мәліметінше, көтеріліс барысында 551 адам қаза тапты. Олардың арасында кем дегенде 49 әйел мен 68 бала бар. Күш құрылымдарының елуден аса өкілі өлтірілді.
Сол кезде әлі билікке келіп үлгермеген Пезешкиан хиджаб полициясының әрекетін сынап, Әмини өліміне қатысты істің адал тергелуін талап еткен.