
Режеп Ердоғанның басты саяси қарсыласы Экрем Имамоғлу ұсталғаннан кейін, түрік валютасы мен активтері бірден құнын жоғалта бастады.
Саяси оқиғаның қаржы нарығына ықпалы
Bloomberg мәліметінше, түрік акциялары шамамен 7%-ға құлап, Borsa Istanbul 100 базалық индексі 6,9% құнын жоғалтқан. Соған байланысты биржадағы сауда тоқтаған.
Бұған қоса, халықаралық Форекс нарығында түрік валютасының долларға шаққандағы бағамы 12%-ға әлсіреп, 1 доллар құны алғаш рет 41 лирадан асып кетті.
Саяси оқиғалар түрік акциялары нарығына қатты әсер етеді. Себебі елдің қаржы нарығында саяси өзгерістерге бейжай қарай алмайтын жергілікті инвесторлар басым. Олар түрік акцияларының шамамен 62,5%-на ие деп жазды Bloomberg.
Ердоғанның басты қарсыласына жасалған қысым
Сәрсенбі, 19 наурызда таңертең Ыстанбұл қаласының басшысы Экрем Имамоғлу үйінде ұсталды. Бір күн бұрын ықпалды саясаткердің университет бітіргені туралы түрік дипломы күшін жойғаны мәлім болған.
Экрам Имамоғлу – Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның басты саяси қарсыласы.
Reuters-тің хабарлауынша, Түркиядағы басты оппозициялық партия саясаткердің ұсталуын «біздің келесі президентімізге қарсы бағытталған мемлекеттік төңкеріс» деп сипаттаған.
Халықтың республикалық партиясының өкіліне қарсы екі түрлі тергеу жүріп жатыр. Экремді қылмыстық ұйымға жетекшілік етті, пара алды, тендер өткізген уақытта алаяқтық жасады деп айыптап отыр. Саяси партия Экремді Түркияны жиырма жылдан астам уақыт басқарып келе жатқан Ердоғанның басты бәсекелесі деп жарияламақ болған.
2024 жылы Түркияда муниципалдық сайлау өтіп, оппозиция Анкара мен Ыстанбұлда Ердоған үміткерлерін жеңген. Содан кейін президент елдің басты экономикалық және мәдени орталықтарын бақылауды қайтаруға уәде берген.