Балаларға жыныстық зорлық көрсеткен 27 педофил өмір бойына сотталды

Қазақстанда кәмәлетке толмағандарға жыныстық зорлық жасаған 27 адам өмір бойына сотталды. Зорлық-зомбылық қылмыстары елдің 5 облысында көп тіркеледі.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, кәмелет жасына толмағандарға жыныстық зорлық-зомбылық жасау қылмысы бойынша елімізде жыл сайын 900-ге жуық іс тіркеледі.
Осы заң күшіне енген сәттен бастап мұндай ауыр қылмыс жасаған 25-27 адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Мұндай қылмыстар Алматы, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстарында көп тіркеледі, – деді балалар омбудсмені Мәжіліс кулуарында.
Омбудсмен көбіне мұндай қылмыс балалардың жақын адамдары – туыстары, көршілері, туыстарының достары, яғни балалар білетін және сенетін адамдар тарапынан жасалатынын айтады.
Еске сала кетейік, бүгін, 19 наурызда Қарағандыда азғындық әрекет жасаған 60 жастағы ер адам ұсталды. Күдікті жас қыздардың аналарын ақшаға келістіріп, оларға жыныстық сипатта азғындық әрекеттер жасап, балалар порнографиясын жазу мақсатында видеоға түсірген.