Жаңалықтар

Қашпақ болған жерінен ұсталған экс-министр Марат Бекетаев туралы не белгілі

Марат Бекетаев
Марат Бекетаев/фото: primeminister.kz

Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың ісі сотқа жолданды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрге қатысты тергеуді аяқтап, іс материалдарын 3 наурызда сотқа жолдаған. Бекетаевқа және басқа да адамдарға қатысты алаяқтық, аса ірі мөлшерде ұрлау және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылды. Алайда іс бойынша нақты қанша адам бар екені әлі белгісіз. KursivMedia экс-министр Бекетаевқа қатысты деректерді жинақтады.

Марат Бекетаевтың қызмет жолы

Марат Бекетаев Шымкент қаласында туған, 48 жаста. Қазақ мемлекеттік заң институтын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған, Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінде оқыған. Қызмет жолын 2001 жылы сыртқы саясатқа қатысты органдарда бастаған. Одан мемлекеттік қызмет істері агенттігінде түрлі қызмет атқарған.

Араға бес жыл салып, Бекетаев премьер-министр орынбасарының кеңесшісі, премьер-министрдің кеңесшісі лауазымына көтерілген. 2007-2010 жылдары Әділет вице-министрі болған. 2016-2022 жылдары Әділет министрлігін басқарды. Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен босатылды.

2022 жылдың 12 қаңтарында Бекетаев әлеуметтік желіде жазба жариялап, 6 жылдық жұмысын қорытындылаған.

«Әділет министрі ретіндегі жұмысым аяқталды. Осы жылдар ішінде мен өзіме артылған Сенімді ақтау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырыстым. Әріптестеріме бірлескен жемісті жұмысы үшін алғыс айтқым келеді. Ең алдымен азаматтарымыздың амандығын қамтамасыз етуге тырыстық, сондай-ақ ел мүддесін қорғадық», – деп жазды Бекетаев.

Осылай қымзетінен кеткен ол бірнеше күннен кейін премьер-министрдің кеңесшісі болды. Ол кезде Үкіметті Әлихан Смайылов басқарып тұрды.

Қашпақ болған жерінен ұсталды

Марат Бекетаев 2023 жылдың 21 қазанында қамауға алынды. Ол кезде оның өкілетін теріс пайдаланғаны, мемлекетке ірі көлемде залал келтіргені айтылды. Содан кейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев экс-министрдің елден қашпақ болғанда ұсталғанын растады.

Бекетаевқа қатысты тергеудің аяқталғаны туралы ақпарат 2024 жылдың шілдесінде шықты. Содан кейін тараптардың іс материалдарымен танысып жатқаны белгілі болды.

Марат Бекетаев және Стати ісі

Экс-министр ұсталғаннан кейін мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Бекетаевтың Стати ісіне қатысы бар екенін мәлімдеген. Депутаттың сөзінше, Анатол Стати Қазақстанды сотқа берген, онымен соттасу үшін Марат Бекетаев фирма құрып, бюджеттің жүздеген миллион долларын жұмсаған.

«Стати жеңе береді, Қазақстан жеңіле береді. Бірақ Қазақстан жеңілген сайын бюджеттен ақша көбейе береді. Ол лоббилік топтарды, адвокаттарды жалдайды. Шетелдегі адвокаттар Қазақстанның ісі дұрыс емес екенін көргеннен кейін ақшаны көп сұрайды, өздері де жымқырған болуы ықтимал. Бюджеттің көптеген миллион доллары 1 адамның волюнтаризмдік шешімін қорғау үшін шетелге кете береді. Әрине әділетсіздік болғаннан кейін Қазақстанның жағдайы мүшкіл болды. Осыны пайдаланып, Бекетаев тәрізді азаматтар өздері де бюджеттің ақшасына қол сұғып жіберуі ықтимал», – деді Сайыров.

Ал «Ақ жол» фракциясының депутаттары Стати дауына Қазақстан қанша қаржы жұмсағанын, кімді байытып жатқанын ашық жариялауды сұрап депутаттық сауал жолдады. Азат Перуашев осы дауда Қазақстанның мүддесін қорғаған, Марат Бекетаев пен Бауыржан Байбекке қатысы бар «Bolashak Consulting group» компаниясының қызметіне күмән келтірді.

Молдаван кәсіпкерлері Анатол мен Габриель Статилердің 2000-шы жылдары Қазақстанға инвестор ретінде келгені, содан кейін сот процестері туралы мына жерден оқи аласыз.

Айта кетейік, 2024 жылдың соныңда Қазақстан үкіметі мен шетелдік кәсіпкерлер арасында 14 жылға созылған, ірі халықаралық соттарда қаралған дауға нүкте қойылды.

Бекетаевтың бауыры

Марат Бекетаевтың ағасы Руслан Бекетаев 49 жаста, 2001 жылдан бастап Ұлттық банкке қарасты мекемелерде қызмет атқарған.

Еңбек жолына көз жүгіртсек, Руслан Бекетаев 2014-2021 жылдары қаржы вице-министрі болған. 2021 жылы Еуразиялық экономикалық комиссияның Қазақстан Республикасы атынан алқасының жаңа мүшесі (министрі) болды. 2023 жылдың қаңтарында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ экономика және қаржы жөніндегі бас директоры болып тағайындалды.

Марат Бекетаевтың әйелі – Гүлнар Бекетаева. Ашық дереккөздегі ақпаратқа сәйкес, ерлі-зайыптының 17 және 12 жастағы екі қызы бар.