KMF микроқаржы ұйымы екінші деңгейлі банкке айналды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
«KMF» микроқаржы ұйымы» АҚ өз еркімен қайта ұйымдастырылып, екінші деңгейлі банкке айналады
KMF микроқаржы ұйымы екінші деңгейлі банкке айналды/фото: kmf.kz

«KMF» микроқаржы ұйымы» АҚ өз еркімен қайта ұйымдастырылып, екінші деңгейлі банкке айналды. Бұған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы рұқсат берген.

KMF-ның банкке айналуы президенттің банк секторының бәсекелестігін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыруға ықпал ететіні айтылған.

«KMF» МҚҰ – Қазақстандағы ең ірі микроқаржы ұйымы. Ол негізгі көрсеткіштер бойынша 218 микроқаржы ұйымының ішінде 1-орынды иеленеді және нарықтағы үлесі 20%-дан асады.

Микроқаржы ұйымының активтері 2021 жылғы ақпанда лицензия алған сәттен бастап 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін 218%-ға немесе 181,8 млрд теңгеге өсіп (336,3 млрд теңгеге), ссудалық портфелі 206%-ға немесе 143,9 млрд теңгеге (280,2 млрд теңгеге дейін) артты.

Компания халықаралық Fitch рейтингтік агенттігінің ұзақ мерзімді несие төлем қабілеттілігі рейтингісінде «B+» деңгейіне ие, болжамы – «Тұрақты».

«KMF» МҚҰ шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығы субъектілерін және жеке тұлғаларды қолдауды жалғастырып келеді. Компанияның ел аумағында 17 филиалы және 122 бөлімшесі бар, соның ішінде ең шалғай аудандарды қамтыған. Бұл халық пен кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады», – делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Екінші деңгейлі банкке айналғаннан кейін ұйым шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуді, топтық қарыз беруді, тұтынушылық несиелерді және басқа да банк қызметтерін ұсынуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, финтех бағыттарын дамытуға (маркетплейстер және басқа сервистер) басымдық беріледі.

«KMF» МҚҰ – реттеушіден банкке айналуға рұқсат алған екінші микроқаржы ұйымы. Бұған дейін 2024 жылғы агенттік кореялық «BNK» МҚҰ-ның екінші деңгейлі банкке айналуына рұқсат берген.

KMF-тің баспасөз қызметі банк мәртебесіне ауысуы жаңа мүмкіндіктер ашатынын мәлімдеді. Оның ішінде қаржылық қызметтерге қол жеткізу қиын шалғай өңірлердегі байланысты күшейту, шағын және орта бизнес, сондай-ақ жеке клиенттер арасында сұранысқа ие депозиттерді, карталарды, несие өнімдерін және басқа да қызметтерді ұсынуды да бар.

Айта кетейік, 2024 жылдың маусымында KMF мемлекеттік қайта тіркеуден өтіп, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен акционерлік қоғамға айналды.

Сондай-ақ оқыңыз