Қазақстандықтарды Telegram арқылы 600 млн теңгеге алдаған күдіктілер ұсталды

Алматы облысында полиция алаяқтықпен айналысқан деген күдікпен бес адамды ұстады. Олардың Telegram арқылы азаматтарды 600 млн теңгеге жуық сомаға алдағаны айтылды.
«Қылмыстық схеманың кураторы 2024 жылдың маусымынан бастап 50-ден астам «дропты» басқарған. Қылмыстық топтың шоттары арқылы 1 000-нан астам қаржылық операция жүргізіліп, жалпы айналым сомасы 580 миллион теңгеден асқан. Әрбір транзакциядан куратор 6% көлемінде комиссия алып отырған, оның заңсыз табысы 35 миллион теңгеден асқан», – делінген ақпаратта.
Ұрланған қаражат қолма-қол шешіліп, криптовалютаға айырбасталған немесе басқа есепшоттарға таратылып отырған. Қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары негізгі пайданы өзара бөлісіп, дроптарға аз сыйақы берілген.
Қазір күдіктілер ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Тергеу барысында олардың өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.