Тоқаевқа су тасқынына қатысты елдегі ахуал баяндалды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Су тасқыны
Су тасқынына байланысты жағдай тұрақты/фото: shutterstock

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі су тасқыны туралы ақпарат берілді. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің сөзінше, республика аумағындағы жағдай тұрақты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

«Қауіп төнген жағдайда тұрғындарды эвакуациялау үшін күштер мен техникалар сақадай сай. Сегіз өңірдегі жағдай бақылауда. Ресей және Қырғызстанмен тұрақты түрде ақпарат алмасу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деген министр Әрінов.

Сондай-ақ президентке ведомствоның атқарған жұмысы туралы ақпарат берген.

Министрдің сөзінше, Астана қаласында өрт сөндіру депосы мен Атырауда құтқару бекеті салынған. Былтыр 14 жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілген.

Шыңғыс Әрінов құтқарушылардың жаңа киім үлгісі бекітілгенін, материалдық-техникалық базаны жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын, әуе кемелері сатып алынғанын жеткізді. Елді мекендердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы қолға алынған.

«Ықтимал табиғи апаттарға дайындықты пысықтау үшін Алматыда «Алатау» жедел мақсаттағы оңтүстік базасы құрылды. Азаматтарды уақытша орналастыруға арналған үш орын белгіленді. Каспий теңізінің қазақстандық секторында «Теңіз жасағы» бөлімшесі іске қосылды. Бұл құрылым оқыс оқиғаға тап болған адамдар мен кемелерді құтқаруға маманданған. Төтенше жағдай аймағына гуманитарлық жүкті тасымалдаумен айналысатын «Айбат» арнаулы мақсаттағы жасағы құрылды. Барлық өңірде әуе құрылымдарын жасақтау жұмыстары жалғасып жатыр», – делінген ақпаратта.

Президент су тасқынына қарсы шараларға баса назар аудару, алдын ала ескерту жүйесін жаңғырту және төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуын жалғастыруды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз