Ерлан Қожағапанов ісі бойынша айып тағылған екінші адамның аты аталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ерлан Қожағапанов
Ерлан Қожағапанов ісі бойынша айып тағылған екінші адам кім/коллаж kursiv.media

Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың 12 жылға сотталуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев Сенат кулуарында айтқан. KursivMedia тілшісі Қожағапановқа қандай айып тағылғанын және қылмыстық іс бойынша тағы кім айыпталып отырғанын білді.

Істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы қарап жатыр.

Бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша айыпталып отыр. Бұл бапта ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану әрекеті көрсетілген. Қылмыстық іс бойынша тағы бір сотталушы бар – Ләззат Көккөзова. Ол Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпталып отыр. Мұнда аса iрi мөлшерде жасалған сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу әрекеті көрсетілген.

Қылмыстық іс бойынша сот процесі 2024 жылдың 25 желтоқсанында басталған.

Іс материалдарында Ерлан Қожағапановтың Алматы облысында туғаны, Астана қаласы тұрғыны екені, некеде тұрмайтыны көрсетілген.

Сот процесінде адвокаттары Қожағапановты үйқамаққа жіберу туралы өтінішхат жолдаған.

«Қылмыстық істі тоқтату, қылмыстық істі прокурорға жіберу және Қожағапановқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш қанағаттандырусыз қалдырылсын», – делінген іс материалдарында.

Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ерлан Қожағапановты 2024 жылдың наурызында ұстаған. Ол Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Агенттік хабарлауынша, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.

Ерлан Қожағапанов туралы не белгілі?

Ерлан Қожағапанов 2017-2019 жылдары және 2021 жылы мәдениет және спорт вице-министрі лауазымын атқарған.

Мамандығы – заңгер, экономист, қаржыгер, кеден ісінің маманы.

Еңбек жолын 1989 жылы бастаған. 1990-1994 жылдары кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. 1994-2007 жылдары мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарда жұмыс істеген.

2007-2013 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары болды, 2019 жылғы тамыздан 2021 жылдың сәуірге дейін Алматы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

2021 жылы сәуірде мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды.

2021 жылы 13 қыркүйекте премьер-министрдің кеңесшісі лауазымына тағайындалды. Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол бұл қызметтен 2022 жылғы сәуірде босатылған. 

Сондай-ақ оқыңыз