Ақпанда банктердің таза пайдасы 450 млрд теңгеге жетті

Қаңтар-ақпан айларында банктер 448,8 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл туралы Ұлттық банктің арнайы статистикасында жазылған.
Қазақстанда 21 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Қаржы ұйымдарының таза пайдасы бір айда 228 млрд теңгеден 448,8 млрд теңгеге жеткен. 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 15%-ға артық.
Бұл есепте жалпы банк секторының пайдасы көсетілген. Әр банктің жеке-жеке қанша табыс тапқаны туралы есеп ай соңында жарияланады.
2025 жылдың қаңтар айында отандық банктер 228,5 млрд теңге таза пайда тапқан. Оның жартысынан көбі екі ірі қаржы ұйымы – Halyk Bank пен Kaspi Bank-ке тиесілі. Halyk Bank бір айда 83,4 млрд теңге таза пайда тапса, Kaspi Bank-тің тапқан пайдасы 43,3 млрд теңгені құраған.
Алайда 2025 жыл «Фридом Банк Қазақстан» үшін аса сәтті басталмады. Қаржы ұйымы бір айда 15,6 млрд теңге шығынға батқан.