Қазақстанда марганец өндірісі 22 есе азайды

Қазақстанда марганец өндірісі соңғы 13 жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Ақпан айында небәрі 2,1 мың тонна марганец кені өндірілген. DataHub арнасының жазуынша, бұл қаңтармен салыстырғанда 22 есе, ал 2024 жылдың ақпанымен салыстырғанда 18 есе аз.
Марганец кенін өндіру көрсеткіштері ай сайын өзгеріп отырады. Алайда жалпы үрдіс оның қатты құлдырап жатқанын байқатады. 2012 жылмен салыстырғанда 2024 жылдың орташа айлық өндірісі 7,5 есе қысқарып, 33,2 мың тоннаны құрады.
Қазіргі уақытта марганец кені Ұлытау облысының Қаражал қаласы (390,5 мың тонна) мен Жаңаарқа ауданында (8,3 мың тонна) өндіріледі. Бұрын бұл өндіріс Қарағанды облысының Нұра ауданында да жүргізілген. Алайда Қарағандыдағы марганец кеніштері жабылып жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, марганец өндіру көлемінің қысқаруының негізгі себебі – кен орындарының сарқылуы және минералдық-шикізат базасының баяу толықтырылуы. Бұл мәселе тау-кен саласының болашағына қатысты үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Егер жаңа кен орындары ашылмаса, алдағы жылдары Қазақстандағы марганец өндірісі одан әрі құлдырауы мүмкін.