Телефоннан 3 ай қатарынан аударылған қанша ақша тексеріледі

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Мобильді аударымдардың тексерілетін шегі белгіленбеген/Фото: kursiv.media

Үкімет жеке адамдардың мобильді аударымдарын тексереді. Оған себеп – жеке кәсіпкерлердің табысынан салық төлемей, ақшаны аударым арқылы алуы. Алайда салық органдары тексеретін аударымдардың нақты шегі әлі заңмен белгіленбеген. Кірістер комитеті бір адамға 3 ай қатарынан 100 адамнан жалпы 1 млн теңгеден аса қаржы түссе, тексеруді ұсынады.

Бұл ұсыныс қазір Ұлттық банкпен бірге талқыланып жатыр. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің KursivMedia ресми сауалына берген жауабында жазылған.

Салық органдары тексерісті «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің (Салық кодексі) 19-бабы 2-тармағы 4) тармақшасына сәйкес жүргізбек. Онда салық органдары салықтық міндеттеменің туындауы, орындалуы және тоқтатылуы жөнінде түсіндірме беруге және бақылау жүргізуге құқылы деп көрсетілген.

«Мобильді аударымдарды бақылау заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған, себебі көптеген кәсіпкерлер тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін төлемді кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шоттарға мобильді аударымдар арқылы қабылдау жүргізіп, өзінің кәсіпкерліктен тапқан кірістерін жасырып, тиісті салығын төлеуден жалтарып отырғаны жасырын емес»,- деп жазылған жауапта.

Қандай аударымдар тексеріледі?

Салық органдары мобильді аударымдарды тексергенде Қаржы министрінің 29.03.2022 жылғы №323 бұйрығына сүйенеді. Соған сәйкес, банктер жеке адамның кәсіпкерлікке арналмаған банк шотына үш ай қатарынан жүз шақты адамнан ақша түссе, салық орындарына жолдайды.

Банктен алған деректерге сәйкес, мемлекеттік орган алдымен ескерту жібереді. Егер жеке тұлға кәсіп жүргізіп, одан түскен жылдық табысы 1 млн теңгеден (12 ең төменгі жалақы) асатын болса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті.

Соған сәйкес, Комитет қолданыстағы өлшемшарттан дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқығы бар тұлғаларды алып тастау мақсатында өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.

«Өлшемшартты «1 (бір) жеке тұлғаның қатарынан күнтізбелік 3 (үш) айдың әрқайсысының ішінде 100 (жүз) және одан да көп әртүрлі тұлғалардан банк шотына жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан асатын ақша қаражатын алуы» деп өзгерту ұсынылған.

2025 жылғы жағдай бойынша 12 ең төменгі жалақы 1 020 000 теңгені құрайды.

Аталған ұсыныс қолданысқа енгізілсе, мобильді аударымдар бойынша айналым сомасы 1 млн теңгеден асып кетсе, тексеріледі деген сөз емес. Тек қана ай сайын 100 немесе одан да көп тұлғадан 3 ай қатарынан мобильді аударым қабылдаса және аударылған ақша қаражаттарының сомасы 1 млн теңгеден асса ғана мобильді аударымдары бақыланады.


«Қазіргі таңда, өлшемшартқа өзгеріс енгізу туралы ұсыныс Қазақстан Республикасының Ұлттық банкімен келісілу сатысында. Яғни, ұсынылған өлшемшарт қолданыста емес», – делінген жауапта.

Бұған дейін депутат Азат Перуашев шотына ай сайын 1 млн теңгеден аса ақша түсетіндерді ғана тексеруді ұсынған.

Сондай-ақ оқыңыз