Қазақстан Даму Банкі испан инвесторынан 400 млн еуро қаржы тартпақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: ҚДБ бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан Даму Банкі (ҚДБ) мен Испанияның ірі қаржы институты – Banco Santander 400 млн еуроға экспорттық қаржыландыру туралы келісімге қол қойды. Бұл қаржы елдегі инфрақұрылым және энергетика жобаларына жұмсалады.

Құжат Мадридте өткен Қазақстан-Испания іскерлік кеңесінің 8-отырысы аясында рәсімделген.

Бұл келісім Қазақстанға халықаралық экспорттаушылардың қатысуымен стратегиялық маңызды жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Қаражат инфрақұрылымды жаңғыртуға, жаңа технологияларды енгізуге және халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталмақ.

Айта кетейік, ҚДБ соңғы жылдары халықаралық қаржы ұйымдарынан белсенді түрде несие тартып жатыр, оның ішінде қарыз алудағы басымдық Қытай банктерінен еуропалық кредиторларға ауысқан.

Бұған дейін ҚДБ мен Еуропа инвестициялық банкі (EIB Global) инфрақұрылым мен жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған 200 млн еуро көлемінде келісімге қол қойған.

2024 жылы Қазақстанның мемлекеттік қарызы 31,8 трлн теңгеге немесе 60,8 млрд долларға артып, Ұлттық банктегі барлық қаражаттан да асып түсті

Сондай-ақ оқыңыз