Наурыз көже дайындауға керек азық-түлік бағасы қандай

Наурыз көже индексі – бұл көжені дайындауға қажетті өнімдердің бағасының өзгерісін көрсететін көрсеткіш. Бұл индекс арқылы халықтың сатып алу қабілетін, инфляция деңгейін және азық-түлік бағасының өзгеруін байқауға болады.

Kursiv.Мedia 2025 жылға «Наурыз көже индексін» әзірледі. Біз нарықтағы наурыз көжеге қажетті өнімдердің дәл қазіргі бағасы, яғни онлайн дүкендердегі (ірі гипермаркеттердегі) баға бойынша есептеп көрдік. Әрине, өңірлер бойынша өнім бағасы әртүрлі болады. Тіпті, бір қалада базар мен сауда желілеріндегі баға да әркелкі. Дегенмен де солардың ортақ нарықтық орташа құнын есептек көрдік.
Наурыз көже индексін есептеу барысында 10 адамға арналған көжені есептейік деп шештік. Себебі наурыз көже бір күндік асқа жатпайды.
Наурыз көжеге қажетті басты 7 өнімді есептеп көрейік:
-Сүр ет (жылқы еті)
-Құрт (150 гр)
-Айран немесе қатық (талғамға қарай)
-Дәнді-дақыл (бидай, күріш, жүгері, арпа)
-Сары май (ақ)
-Ас тұзы
-су (сорпа)

Осы басты 7 өнімнің нарықтағы құнын анықтаймыз. Мәселен, Алматы қаласында он адамға арналған наурыз көжені әзірлеу 21 157 теңгені құрап отыр. Атырау облысында шамамен 23 мыңға дейін жетсе, Түркістан облысында 17 мыңның айналасында.
Сондай-ақ ChatGPT-да көже рецептін ұсынған. Ал Түркістанда 2,5 мың литр көже пісіріп, рекорд орнатпақшы.
Наурыз көженің пайда болуы көне заманнан бастау алады және ол қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерінің ажырамас бөлігі саналады. Тек қазақтар ғана емес, Орталық Азия халықтары арасында да ерекше мәнге ие көктемгі тағам. Қазақ халқы жаңа жылды «ақ мол болсын» деген ниетпен қарсы алып, арнайы көже әзірлеген. Бұл тағам дастарқанның тоқ болуы мен елге құт-береке келуін білдіреді.