
20 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрында «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» деректі-көркем фильмі жарыққа шығады. Бұл туралы Алматыда өткен тұсаукесерде фильм сценарийінің авторы белгілі журналист және продюсер Майя Бекбаева хабарлады.
«Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» фильмі осы жылы Мая Бекбаева «Арман ПВ» баспасымен шығарған кітаптың негізінде түсірілген.
ҚР Президент телерадио кешенінің қолдауымен түсірілген фильмде Алтын Орда мемлекетінің негізін қалаушы, қазақ хандарының арғы атасы Жошы ханның өмірі туралы баяндалады. Авторлар әртүрлі елдердің мұрағаттарын ақтарып, Шыңғыс ханның тұңғышы қазақ даласын билеуге қалай келгенін, Ұлы Ұлысты қалай құрғанын, сол Ұлыстың негізінде Қазақ хандығы құрылғанын анықтаған.

«Шыңғыс ханның балаларының ішінде өмірі мен ұстанымдары ерекше болған тұңғышы – Жошы хан. Бұл фильмде Қазақ мемлекетінің кеше ғана пайда болмағанына, оның терең тарихы барына назар аударғымыз келді. Өткен жылы Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдан бастап Алтын Орда идеясы зерттеліп, қазіргі Қазақстан өзін Алтын Орданың мұрагері және жалғастырушысы ретінде көрсететінін мәлімдеген. Мен командамен бірге осы тарихты қозғап, Жошы туралы фильм түсіру керек екенін түсіндім», – дейді фильмнің бас продюсері әрі сценарий автор Майя Бекбаева.
Картинада тарихи деректерден бөлек, көркем фильм элементтері бар. Жошы ханның рөлін жас актер Шыңғыс Бейбітұлы сомдаған. Шайқас сахналары, Шыңғыс ханның қосыны Астана маңында түсірілген. Жошының дүниеге келген сәтінін бастап, бауырларының шеттетуіне, халықтың арасындағы қауесетке қарамастан, қайсар әрі батыл болып өскені көрсетілген. Оның әкесімен араздығына не себеп болғаны, құпияға толы өлімінің қазақ фальклорына айналуы да баяндалған.
Белгілі журналист Серік Ақышевтың сөзінше, фильм әсіресе кішкене балаларға қызықты болады.
«Фильмді көріп отырып, ұлымды ерте келуім керек еді деген ой келді. Алдағы мейрам күндері міндетті түрде ұлыммен бірге кинотеатрға барып қайталап көремін. Ата-аналарды осы фильмге балаларын ертіп келуге шақырамын», – деді журналист.
Фильмнің саундтрегі мен музыкасын Майя Бекбаева жазып шыққан. Бұл оның композитор ретіндегі дебютіне айналған. Бұған қоса, ол Жошы хан туралы кітап жазып шыққан.
Тұсаукесерге тарихшылар, журналистер мен кино саласының мамандары келген. Көпшілік авторларға алғыс айтып, фильмге оң баға берді.
«Фильм қатты ұнады. Майя Бекбаева мен оның командасы тарихи деректерді жаңғыртып, оны жаңа форматта беру үшін аянбай еңбектеніп жатқанын көріп келемін. Бұл біздің тарихымызды тереңірек түсінуге көмектеседі. Тарихты білу маңызды, оны дәріптеумен айналысу маңызды», – деді кәсіпкер Арманжан Байтасов.
Фильмді 20 наурыздан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрынан көруге болады.