Головкиннің ықпалымен бокс 2028 жылғы Олимпиада бағдарламасына қайта қосылды

Жарияланды 20 Наурыз 2025 15:46

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Бокс Олимпиада бағдарламасына қайта қосылды / фото: shutterstock

Бокс Олимпиада бағдарламасына қайта қосылды. Бұл туралы Грекияның Коста-Наварино қаласында өткен Халықаралық Олимпиадалық комитеттің (ХОК) 144-ші сессиясында талқыланды. Сессия барысында 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына боксты енгізу туралы шешім қабылданды.

Бұл спорт түрі бастапқыда 2022 жылдың ақпанында 2028 жылғы Олимпиаданың жарыс бағдарламасынан алынып тасталған еді. Мұндай шешім Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) қабылдаған.

Алайда 2024 жылғы Париж Олимпиадасында бокс жарыстары ХОК-тің арнайы жұмыс тобының бақылауымен өтті. Бұл бокстың Олимпиадалық қозғалыс үшін аса маңызды спорт түрі екенін тағы бір рет дәлелдеді.

2023 жылы құрылған World Boxing халықаралық бокс федерациясы олимпиадалық бокстың жаңа даму кезеңінде басқару міндетін өз мойнына алды. Қазіргі таңда бұл ұйымға 84 ұлттық федерация мүше. Жуырда World Boxing ХОК-тің уақытша мойындауына ие болып, әлемдік деңгейде боксты дамыту құқығына ие болды.

«Мен Олимпиада ойындарының жүлдегері ретінде бұл жарыстың спортшылар үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Олимпиада – жай ғана дода емес, ол – үміт, даңқ және әлемдік аренада өзіңді дәлелдеу мүмкіндігі. Біз бокстың Олимпиада бағдарламасында қалуы үшін аянбай еңбек еттік. Әрбір жас спортшы өз елінің туын көтеріп, Олимпиада тұғырына көтерілуге лайық. Алда әлі көп жұмыс тұр, және біз бұл жауапкершілікті толық сезінеміз. World Boxing әділ төрешілік пен спортшыларды іріктеу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін барлық күшін салады”, – деді Олимпиада комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин.

Головкиннің айтуынша, World Boxing әділдік пен ашықтық қағидаларын сақтай отырып, әрбір боксшыға тең мүмкіндіктер беруге басымдық береді.

Айта кетейік, Қазақстан бокс федерациясы 2024 жылдың қараша айында World Boxing ұйымына мүше болып кірді.

2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасы 14-30 шілде аралығында өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз