
«Қайрат» футбол клубының және Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Кюрасаоға қарсы өткен ойында ұлттық құрама сапында алғаш рет алаңға шықты.
Бұл матчта Сәтпаев Қазақстан құрамасының жаңа рекордын орнатып, ұлттық команданың тарихындағы ең жас дебютант атанды.
Дастан алаңға 16 жас 7 ай 8 күнінде шығып, бұған дейінгі рекорд иесі Жамбыл Көкеевтің көрсеткішін жаңартты. Көкеев 2006 жылы 14 ақпанда Иорданияға қарсы ойында 17 жас 4 ай 25 күнінде ұлттық құрама жейдесін алғаш рет киген еді.
Дастан Сәтпаев қазір алматылық «Қайрат» футбол клубында өнер көрсетеді. Жас футболшы 18 жасқа толған шағында Англияның «Челси» футбол клубына ауысады.
Еске сала кетейік, 19 наурыз күні Қазақстан құрамасы Кюрасаоға қарсы жолдастық кездесу өткізіп, 2-0 есебімен жеңіске жетті. Голдардың авторы: Асхат Тағыберген мен Максим Самородов. Енді 23 наурыз күні Қазақстан құрамасы Уэльске қарсы ойнаса, 26 наурызда Лихтенштейнмен кездеседі.