Түркияда Ыстанбұл мэрі қамауға алынғаннан кейін, жаппай наразылықтар басталды

Ыстанбұлда және Түркияның басқа да қалаларында оппозициялық саясаткер, қала мэрі Экрем Имамоғлуның қамауға алынуына байланысты жаппай наразылық шерулері өтті.
19 наурыз күні басталған демонстрациялар биліктің шерулерге төрт күнге тыйым салу туралы шешіміне және көшелерде полицияның көптеп шоғырлануына қарамастан жалғасын тапты.
Полиция қала әкімшілігінің ғимаратын қоршауға алып, кейбір негізгі жолдарды жапты. Наразы топ Ыстанбұл мэриясының алдында, Имамоғлу қамауда отырған полиция бөлімшесінің жанында, сондай-ақ Ыстанбұл университетінде және басқа да орындарда жиналды.
Республикалық халықтық партиясының (РХП) жетекшісі Өзгүр Өзел митинг кезінде:
«Бұл – биліктің төңкеріс жасауға талпынысы. Олар Экрем Имамоғлудың президенттікке кандидат болу құқығын емес, тұтас бір ұлттың таңдау еркіндігін тартып алуда», – деп мәлімдеді.
Мэрдің жары Дилек Имамоғлу оның қамауға алынуын «Түркияның болашақ президентін саяси тұрғыда жоюға бағытталған операция» деп атады.
Студенттерге қарсы күш қолданылды
Наразы шерулер кезінде Ыстанбұл университетінің аумағында студенттер мен полиция арасында қақтығыстар болды. Белгілі болғандай, университет басшылығы жақында ғана Экрем Имамоғлуның жоғары білім туралы дипломын жойды. Егер саясаткердің жоғары білімі болмаса, ол президенттікке ресми кандидат ретінде тіркеле алмайды.
Осыған байланысты студенттер қарсылық көрсетіп, биліктің бұл шешіміне наразылық білдірді.
Биліктің ұстанымы
Түркияның әділет министрі Йылмаз Тунч бұл оқиғаны «саяси қудалау» деп атауға болмайтынын айтып, оппозицияның айыптауларын жоққа шығарды. Оның айтуынша, Түркияда заң бәріне бірдей жұмыс істейді, ал сот билігі тәуелсіз.
Биліктегі Әділет және даму партиясының өкілдері де президент Режеп Тайип Ердоғанның бұл іске қатысы жоқ екенін алға тартты.
Наразылықтар жалғасуы мүмкін
Имамоғлу Республикалық халықтық партиясының жексенбі, 23 наурыз күні өтетін съезінде президенттікке кандидат ретінде ұсынылады деп күтілген. Оның тұтқындалуы және дипломының жойылуы оппозицияға үлкен соққы болды.
Қазіргі уақытта тек Ыстанбұлда ғана емес, Анкара мен басқа да қалаларда жаппай наразылықтар жалғасып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, жексенбі күні бүкіл ел бойынша ең ірі наразылық шерулері өтуі мүмкін.