Наурыз мерекесіне орай ұлттық спорттан қандай іс-шаралар өтеді

Жарияланды 20 Наурыз 2025 15:34

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Ұлттық спoрт күніне орай қандай іс-шаралар өтеді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2024 жылдан бастап елімізде 20 наурыз – Ұлттық спорт күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке ұлттық спорт түрлерін дәріптеп, халық арасында кеңінен насихаттауға бағытталған. Осыған орай, биыл да Қазақстанның барлық өңірлерінде түрлі спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Астана қаласы

Елордада ұлттық спорт түрлерінен қойылымдар өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтары қыз қуу, аударыспақ, садақ ату, ләңгі тебу, теңге ілу сияқты дәстүрлі ойындарды тамашалай алады. Сонымен қатар, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту, қол күресі бойынша турнир ұйымдастырылады.

Шымкент қаласы

Қалада ұлттық ат спортының басты сайыстарының бірі – көкпар жарысы өтеді.

Атырау облысы

И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы атындағы орталық алаңда қазақ күресі, асық ату, бес асық және тоғызқұмалақтан бұқаралық жарыстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Мақат ауданында жаппай көкпар сайысы өтеді.

Жамбыл облысы

Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз – Арена» спорт сарайында «Қазақстан Барысы – 2025» қалалық іріктеу турнирі өткізіледі. Құмшағал алқабында садақ атудан қалалық ашық турнир өтсе, Тараз қаласының орталық алаңында бұқаралық спорт жарыстары ұйымдастырылады.

Қарағанды қаласы

Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетикалық манежде мемлекеттік қызметкерлер арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.

Қостанай облысы

Заречный ауданында дәстүрлі садақ ату және жамбы атудан «Мергендер лигасы» сайысы өтеді. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында қазақ күресінен облыстық чемпионат ұйымдастырылады.

Жетісу облысы

Талдықорған қаласындағы орталық ипподромда ұлттық ат спорты түрлерінен жастар чемпионаты өтеді.

Батыс Қазақстан облысы

Орал қаласында «Бабалар ізімен» ұлттық спорт түрлерінен облыстық лига өтеді.

Қызылорда облысы

Қызылорда қаласының орталық ипподромында қазақ күресі, қол күресі, асық ату, дәстүрлі садақ ату, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ және арқан тарту бойынша жарыстар ұйымдастырылады.

Ақмола облысы

Красный Яр ауылындағы «Құлагер» атшабарында ұлттық тазы тұқымының жүгіру жарысы және ұлттық спорт түрлерінен түрлі сайыстар өтеді.

Ақтөбе облысы

Ақтөбе қаласында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту, садақ ату және ләңгі тебу бойынша жарыстар өтеді.

Шығыс Қазақстан облысы

Зайсан қаласында қазақы ит тұқымдары арасында облыстық біріншілік ұйымдастырылады.

Маңғыстау облысы

Ақтау қаласындағы «Теннис орталығында» дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату және бес тас бойынша сайыстар өтеді.

Солтүстік Қазақстан облысы

Қызылжар ауданындағы «Құлагер» атшабарында жамбы ату, аударыспақ және бәйгеден ашық біріншілік ұйымдастырылады. Петропавл қаласы мен облыстың барлық аудандарында ұлттық спорт жарыстары өтеді.

Павлодар облысы

Павлодар облысында қазақ күресі, арқан тартыс, қошқар көтеру, армрестлинг, гір көтеру, тоғызқұмалақ, шахмат, асық ату, еркін күрес, көкпар және басқа да ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ оқыңыз