Ресей тағы да Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін тасымалдауға тыйым салды

Қазақстаннан Ресейге бірқатар ауыл шаруашылық тауарларын тасымалдауға тыйым салынды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» компаниясы хабарлады.
«ТМД мемлекеттері қатысушыларының Теміржол көлігі кеңесінің дирекциясы Ресей темір жолдарының өтініші бойынша Қазақстаннан Ресейге бірқатар жүктерді тасымалдауға уақытша конвенциялық тыйым салды», – делінген ҚТЖ хабарламасында.
ҚТЖ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бидай, жасымық және зығыр тұқымдарына қатысты шектеу енгізілген. Бұл өнімдер Қазақстан станцияларынан «Ресей темір жолы» АҚ-ның барлық станциясына жеткізілмейді.
Десе де, бұл тыйым Новороссийск (Солтүстік Кавказ темір жолы) және Новый порт станциялары арқылы транзиттік астықты тасымалдауға әсер етпейтіні жазылған. Яғни фитосанитариялық сертификаттар түпкілікті жеткізілуі тиіс елге және астықты теміржол вагондарынан «Новороссийск сауда теңіз порты» және «Санкт-Петербург теңіз порты» АҚ кеме трюмдеріне тікелей ауыстырып тиеуге шектеу енгізілмеген.
Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтар айында Қазақстанның астығы мен майлы дақылдарына Ресей шектеу қойған болатын. Ал оның алдында Ресей тарапының Қазақстаннан тасымалданатын өнімдерге фитосанитариялық сертификат беруді тоқтатқаны хабарланды.
Ал қаңтарда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Ресейдің ішінара фитосанитарлық шектеулерді алып, Қазақстан астығы Еуропа елдеріне тасымалданатынын айтқан еді.