Шаруаларға көктемгі егіс жұмыстарына 5% мөлшерлемемен 700 млрд теңге несие беріледі

Шаруаларға көктемгі егіс жұмыстарына 5% мөлшерлемемен 700 млрд теңге жеңілдетілген несие беріледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, «Кең дала» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алуға 4377 фермерден өтінім түскен. Олар 356,6 млрд теңгеге өтінім берген. Соның ішінде 3 мыңнан астам шаруаға 229,2 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.
Жеңілдетілген несие алуға, әсіресе, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарындағы ауылшаруашылық өндірушілері тарапынан көп өтінім түскен.
Жеңілдетілген несиеге өтінім қабылдау 2024 жылғы 29 қарашада басталған.
«Жалпы, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 700 млрд теңгеге дейін қаржы бағытталмақ, оның 560 млрд теңгесі нарықтық капитал көздерінен тартылады. Қаржыландыру екінші деңгейлі банктер, несие серіктестіктері, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, өңірлік инвестициялық орталықтар, микроқаржы ұйымдары және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қолжетімді», – делінген баспасөз хабрламасында.
Сонымен бірге министрлік «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несие сомасының 85%-ына дейін кепілдендіру көзделген. Бұл тетік несие алу процесін айтарлықтай жеңілдетеді.
Айта кетсек, бұған дейін министрлік «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» егін шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасына өтініш қабылдау басталғанын хабарлаған болатын. Бұл мақсаттарға шамамен 30 млрд теңге жоспарланған.