«Ұсталмаған ұры емес». Экс-шенеуніктердің Дубайдағы қымбат виллаларына қатысты бірде-бір іс қозғалмаған

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Дубайдағы экс-шенеуніктердің қымбат виллалары тек ескеруге алынған./ коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Дубайдағы экс-шенеуніктердің қымбат виллалары тек ескеруге алынған/ коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Ұсталмаған ұры емес». Экс-шенеуніктердің Дубайдағы қымбат виллаларына қатысты бірде-бір іс қозғалмаған.

Бұл туралы Сенат дәлізінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев мәлімдеді.

«Ескеруге алынды»

Оның айтуынша, билік органдары тергеліп жатқан істер бойынша әрекет етіп жатыр. Бірақ экс-шенеуніктердің шетелдегі қымбат виллалары туралы БАҚ-тағы зерттеу материалға қатысты бірде-бір іс қозғалмаған.

Әңгіме Azattyq ТV зерттеу материалы туралы болып отыр.  Онда Назарбаев әулетінен өзге, Нығматулин, Пішембаев, Елубаевтың, басқа да тұлғалардың және олардың туыстарының атында қымбат виллалар бар екені көрсетілген еді.

«Бұл материалдарды шұғыл бөлімшелер ескеруге алған. Олар талданып жатыр. Жұмыс жасалу үстінде», –  деп қысқа қайырды төраға орынбасары.

Дархан Құрақбаев экс-шенеуніктердің Дубайдағы жылжымайтын мүліктеріне қатысты қандай жағдайда қылмыстық іс қозғалатынын түсіндіріп өтті.

«Құқығымыз жоқ»

«Кінәлі тұлға бюджет қаражатын жымқырса, ұдайы пара алса немесе қылмыстық жолмен табыс тапса, ол қаражатқа Қазақстаннан да, шетелден де жылжымайтын мүлік сатып алса, сонда ғана бұл активтерді қайтару процедурасы басталады», – деді Дархан Құрақбаев.

Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары сот шешімінсіз біреудің мүлкін тартып алуға ешкімнің хақы жоқ екенін алға тартып отыр.

«Яғни, оның қылмыс жасағанын – ақша ұрлап, пара алғанын анықтасақ қана, сонда ғана қылмыстық кодекс аясында қайтарумен айналысуға міндеттіміз. Ал біреудің, мәселен, сіздің шетелде үйіңіз болса, сот шешімінсіз оны алып қоюға құқығымыз жоқ», – деді Дархан Құрақбаев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік мәліметінше, шетелден қайтарылған активтердің құны 670,5 млн доллардан асады.

Сондай-ақ оқыңыз