Наурызды ерекше тойлаймыз. Алматыда қандай этно орындарға баруға болады

Жарияланды
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Наурыз тойы – бәріміз асыға күтетін. Думанға толы бұл мейрам күллі түркі әлемі арқа-жарқа болысып, жаңа жылды күтіп алады. Қыстан аман шыққанына қуанған жұрт әз Наурызды тойлауға үнемі асқан жауапкершілікпен қарайды, ықыласпен атап өтеді. Бұған қоса бұл күнді тойлауға бес күн демалыс беріледі. Kursiv. Мedia думанға толы демалыс күндерін ерекше етіп өткізу үшін Наурыз тойында баруға тұрарлық жерлер тізімін әзірледі.

Қазақ мәдениетіне тереңнен бойлап, ұлттық асханадан дәм татып, дәстүрлі киіз үйге кіріп көріп, ғасырлар өтсе де, күні бүгінге дейін жеткен дәстүрмен танысып көруді қаласаңыз, біз әзірлеген тізім бойынша этно-саяхатқа аттанып көріңіз.

Ұлттық тағамдар

Киіміңіз дайын болса, енді бір сәт тынығып, ауқаттанып алуға да болады. Бірақ ауқаттанғанда да барынша Наурыз дәмін сезініп қалуға ұмтылыңыз. Бұл үшін, ең әуелі, әрине, Наурыз көже ішуге кеңес беерміз. Мереке күні бұл тағам қаланың әр бұрышында ұсынылары сөзсіз. Бірақ нағыз қазақы ас үймен толық танысқыңыз келсе, төмендегі тізімге көз жүгіртіңіз. Қалай дегенмен, қазақ тағамдарымен танысу да мәдениетпен толық танысу деген сөз.

AUYL

Нео-көшпелі өмірге бейімделген тағамдар ұсынылатын аутентикалық мейрамхана – осы AUYL. Мәзірдегі ерекше тағамдар бұл мекемені жергілікті тұрғындар мен турситер арасында ерекше танымал етті. Тек тағамымен емес, ерекше интерьерімен есте қалатын бұл мейрамханаға міндетті барып көріп, дам ауыз тиіп шығыңыз. 

Tary.coffee

Қазақстанның бірнеше өңірінде, шетелдерде филиалы бар бірегей этно-кофеханаға барып, тары қосылған кофе ішіп көрсеңіз де, ұтылмайсыз. Балқаймаққа жаңа піскен ыстық бауырсақты батырып жесеңіз, шайыңыздың да дәмі кіре түседі.

TÖR

Бұл – заманауи қазақ асханасы ұсынылған мейрамхана. Қазақ қашаннан қонағын құдайындай сыйлап, төрге өтуін сұраған. Бұл жерге қонаққа барсаңыз, қызметкерлері сізді де жақсылап күтіп, дастарханыңызға бар жақсысын ұсынады. Мейрамхана дәстүрлі тағамдарды авторлық нұсқада әзірлейді.

Sandyq

Нео-көшпелі ас үй мен осы стильдегі мейрамханалардың басы болған мекемелердің бірі әрі бірегейі – Sandyq. Жанды дауыста шырқалатын әуен мен ұлттық аспаптардың әуезді үні мұнда жеген кез келген тамағыңызды дәмдірек етіп, әр сәтіңізді ләззатқа толтырары анық.

Orta 

Жаңадан ашылса да, жұрт арасында жақсы пікір жинап үлгерген ұлттық мейрамханалардың бірі Orta-ға барыпкөруге болады. Өзгеше тағамдарынан дәм татып қайтсаңыз да болады. 

Ұлттық ойындар, белсенді шаралар

Бұл күні әр қазақтың делебесі қозып, тұлпар тізгіндеп, бостандық лебін сезінгісі келетіні рас. Сондықтан болса керек, жыл сайын Наурыз демалысында ат клубтарында толассыз кезек болып, кейде орын жетпей де жатады. Алайда биыл біршама жаңа клуб та ашылды. 

Атқа отырып, желмен жарысып, көктемнің алғашқы лебін тұлпармен бірге сезінем десеңіз, Almaty hills, Alash horse, Tau Asu, Western.kz, Tauda, Horse explorers almaty клубтарына барсаңыз болады. Бұл жерге атқа отырып қоймай, ақылды жануарларды тамақтандырып, артынан садақ атуды үйреніп қайтсаңыз да болады.

Концерттер мен мерекелік іс-шаралар

Ел Наурыз мерекесін тойлауды ертеден бастап кеткен. Алайда үлкен дүбірлі концерттер, әрине, наурыздың 20-нан кейін басталады.

21 наурыз күні сағат 11:00-де Астана алаңында «Алматы – Наурыз құшағында» деп аталатын негізгі салтанатты концерт өтеді. Сахнада әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі, Майра Мұхамедқызы, Жанар Айжанова, Өмірқұл Айниязов, Жазира Байырбекова, Игорь Благородный, Төлеген Рахымбаев, «КешYou» тобы, Диная, AyaFunk және басқа да артистер өнер көрсетеді.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының және «Жаңа ғасыр» театрының әртістері, «Алматы әуендерінің» солистері, «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі де концерттік бағдарлама ұсынады. Сонымен қатар 21-22 наурыз күндері сағат 18:00-де осы алаңда танымал әншілер қатысатын екі күндік Juldyzdy Almaty кешкі фестивалі өтеді.

Бұған қоса 21-25 наурыз күндері сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін Абай алаңында мәдени мұра мен заманауи технологияны біріктіретін NauryzFest фестивалі өтеді. Республика сарайының алдында ерекше безендірілген киіз үйлер тігіледі.

«Рухани мұра» киіз үйінде Абай, Жамбыл және Дина ойнаған музыкалық аспаптардың көшірмесі қойылып, концерт өтеді. «Алматыға саяхат» киіз үйінде қонақтар қаланың көрікті жерлерін виртуалды форматта тамашалай алады. Сонымен қатар шебер Марат Бексұлтановтың қолынан шыққан небәрі 20 минут ішінде құрастыруға болатын «Инновациялық киіз үй» орнатылады.

Наурыз тойы биыл да аламандатып, ұлан-асыр той болып өткелі тұр. Бұл күні, ең бастысы, ертерек далаға шығып кетіңіз. Сонда біз берген тізімнен өзге талай қызыққа куә боласыз. Наурыз құтты болсын!

Сондай-ақ оқыңыз