«Кавказская» мұнай станциясына жасалған шабуыл салдарынан Каспий консорциумының табысы азаяды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Краснодар төтенше жағдай қызметі

Украиналық Қарулы Күштердің (ҚКҚ) Краснодар өлкесіндегі «Кавказская» мұнай айдау станциясына жасаған шабуылы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) табысы мен оның акционерлерінің дивидендтерін азайтады. Акционерлер қатарында АҚШ компаниялары да бар. Бұл туралы «Транснефть» баспасөз қызметі хабарлайды.

«Заңды тұрғыдан алғанда, «Кавказская» станциясы консорциумға тиесілі емес, бірақ оған жасалған шабуыл жоспарлы жұмыстардың орындалуына әсер етеді. Нәтижесінде, КҚК-ның табысы мен оның акционерлерінің, соның ішінде АҚШ компанияларының дивидендтері азаяды», – деп жазылған компания мәлімдемесінде.

Айта кетейік, 19 наурызға қараған түні мұнай айдау станциясына шабуыл жасалды. Дрондар атқылауының салдарынан мұнай сақталған 1,7 мың шаршы метр аумақтағы резервуар бұзылып, өрт шықты. Жалын 3,7 мың шаршы метрге дейін таралған. РБК жазуынша, өрт сөндіру жұмысы әлі де жалғасып жатыр.

«Кавказская» станциясы Каспий құбыр жүйесіне кіретін «Кропоткинская» станциясына дейін мұнай айдайды. Бұған дейін 2025 жылы ақпанда «Кропоткинская» станциясына шабуыл жасалды. Қазір онда жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Сол кезде «Транснефть» Қазақстанның Каспий құбыр консорциумы (КҚК) желісімен мұнай айдау көрсеткіші шамамен 30%-ға қысқаруы мүмкін деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз