«Қазақмыс» қауіпсіздікті тексеру үшін кеніштер жұмысын уақытша тоқтатады

«Қазақмыс» компаниясы өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау шараларын күшейту үшін кеніштердің жұмысын уақытша тоқтатады. Бұл туралы баспасөз қызметінен хабарлайды.
Кәсіпорындардың жұмысы бекітілген кестеге сәйкес кезекпен тоқтатылады.
20 наурыздан бастап – Шығыс Жезқазған, Абыз, Саяқ, Қоңырат кеніштері; Нұрқазған, Қарағайлы, Балқаш байыту фабрикалары; Мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасы, құрылыс-монтаждау басқармасы, құю-механикалық зауыты және мамандандырылған энерго-жөндеу басқармасы.
· 21 наурыздан бастап – Оңтүстік Жезқазған, Ақбастау, Қажықонған, Шатыркөл, Жайсаң кеніштері.
· 22 наурыздан бастап – Батыс Жезқазған кеніші.
· 23 наурыздан бастап – Жыланды кеніші.
· 24 наурыздан бастап – Жезқазған байыту фабрикасы.
Ал бұған дейін тоқтатылған Жомарт кенішінде тексеріс жалғасуда.
«Барлық жұмыстың қауіпсіздік ережесіне сәйкестігін тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Барлық кемшілік жойылып, еңбек жағдайының қауіпсіздігі расталғаннан кейін ғана телімдердегі жұмыс қайта жалғасады», – деп хабарлайды компаниядан.
Кеніштердің жұмысы тоқтағанмен, жұмыскерлерге жалақы төлеу жалғаса береді.
Еске салайық, 19 наурызда «Қазақмыс» компаниялар тобына қарасты Ұлытау облысындағы Шығыс-Жезқазған кенішінде жұмысшы қайтыс болды. 1994 жылғы азамат жүк оқпаны алаңындағы саңылауға құлап кеткен. Қазір оқиғаны тергеу бойынша арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.